І. КҮДІК пен СЕНІМ
Аспанды қақырата найзағай ойнады. Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, жерді тітірете, түн түнегін тілгілей сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етті. Жасы отызға толмағанына қарамастан шашына ақ қылау түсе бастаған сымбатты жігіт қою қараңғылық құшағындағы күре жолға тесіле қарап, машина жылдамдығын үдете түсті. Айтты-айтпады, қашаннан да осындайда түнгі жолдың ұзарып кететіні бар емес пе, бұл асыққан сайын Ақмешіт қаласы жеткізер емес.
Санада күдік пен сенім шайқасы: бір ойы «Апырым-ай, мына қылмыскер тағы да құтылып кетер ме екен? Біздің әділдік үшін, заңдылықты сақтау үшін жасаған қыруар жұмысымыз тағы да босқа кетер ме екен? Сірә, біздің арамызда да, билікте де оның қорғаушылары мен қолдаушылары мықты болып тұр-ау, шамасы», – деген күдік бұлтын маңайласа, екінші ойы «Не көрініпті, мұның барлығы тергеушілердің осалдығынан болып тұрған жоқ па, білікті, ары таза тергеушінің қолына түссе, қанша пайғамбар болса да соттан құтыла алмас еді. Енді, қалай дегенде де барлығы 101-ге байланысты. Ол кісі қиянатқа қарсы жан ғой, бізге қолдау көрсетері анық», – деген сенім көкжиегін шолады.
Облыстық ішкі істер саласында департамент бастығын 100-ші, бастықтың бірінші орынбасарын 101-ші, қалған орынбасарларын ретінше 102, 103, 104, 105 деп атайтын. Бұл өзге жұртқа түсініксіздеу болғанмен, сала қызметкерлерінің барлығына түсінікті, әрі қызметтік қолданыста тиімді болатын.
Қазақстанның көптеген аймақтарына қарағанда Сыр бойына ерте келетін көктем биыл жылдағы дағдысынан жаңылғандай, тегіндікпен кете қоймайтынын сездіре тістесе қасарысқан қысқа толық қарсылық көрсете алмай қысылуда, түске дейін – мейіз, түстен кейін – киіз болып тұрған шақ. Содан болар ерте көз байланып, лезде түн тұңғиығы салтанат құрып шыға келеді. Жеңіл автокөліктің қос фарынан төгілген жарық ілгеріге жол сілтегендей, қараңғылық көрпесін еріксіз ысыра алға ұмтылады.
жұрттың амандығын тілеп ұйқысыз таң атырса да, әңгіменің барлығы осылар жайлы: «Өйтіпті, бүйтіпті», – деп. Сонда мас күйіндегі жүргізушіні, не апатқа соқтырар әрекетке барған автокөлікті тоқтатпау керек пе? Ау, сонда заң қайда қалады, адам қоғамындағы қауіпсіз ғұмыр кешу мәселесі қайда қалады… тіпті, оның үстіне мас жүргізушіге облыс, қала басшылығында жүрген азаматтардың ара түсетінін қайтерсің…».
Ол облыстық ішкі істер департаментінің кезекші бөліміне келген кезде сағат тілі түнгі онды көрсетіп тұрған еді, кезекші 101-дің күтіп отырғанын айтты. Басқышпен екінші қабатқа асығыс көтеріліп келе жатқан қылмысты іздестіру бөлімінің аға өкілі, капитан Нұрлан Қыдырбаев санасындағы «Күтіп отырған… Нағыз азамат… Нағыз опер ғой…» деген ой облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полковник Ғалымжан Ахметовке деген ризалық ықыласты және басшыға деген құрмет пен мақтаныш сезімін бір арнаға тоғыстырып жіберген болатын.
Бұл кезде жұмыс кабинетінде полковник ауыр ой үстінде отыр еді. «Заман не болып барады осы… Егемендік алдық-ау, бірақ, біраз нәрсені жоғалтып алған жоқпыз ба … Қылмыс көбейіп кетті, бара-бара бұл не болар екен. Бұрын кісі өлімі сияқты ауыр қылмыс облыс бойынша айына-жылына бірді-екілі ғана болатын… Тіпті мұндай ауыр қылмыс болмаған жылдар да болды емес пе… Енді не болды, қазір ай сайын ондаған кісі өлімі тіркелуде, бұрын кездеспейтін ауыр қылмыс түрлері өсуде. Мына заман не болып барады, өзі?… М-м… да…».
Ол самайын уқалады, түйіле түскен қабақтар, талай жылдарғы қылмыспен күрес салған іздердей болған ерте түскен әжімдер стол шамы жарығында полковниктің өңін онан әрі сұрландыра түскен. Нағыз шебер қолынан шыққан шам қалпақшасының жоғары бөлігі ақшыл-қызғылт, ортаңғы тұсы ақшыл-жасыл, төменгі бөлігі ақшыл-сұр шыныдан жасалғандықтан түскен жарық та түрліше рең шашады, содан болар полковник кабинетке кіріп келген жанға өзгешелеу көрінеді, стол басында бейне жауына атылғалы тұрған азулы арлан бөрі отырғандай әсер қалдырады. Күтіп отырған қызметкерінің қай мезгілде келіп жететінін ойша есептеп отырған ол қайтадан күдік шудасын ескен ойға қалай беріліп кеткенін аңғармады. «Да… Келешек қалай болар екен… Удай қымбатшылық болса мынау жағадан алып тұрған, ел жайы түзеліп кетсе жақсы болар еді. Иә… Құрысын… ана бір жылдармен, 1992-93 жылдармен салыстырғанда қазір құдайға шүкір ғой. Ойпыр-ай, ішкі істер органдарының кей салаларында үлкен тоқырау болды емес пе, күзет бөлімінің қызметкерлеріне айлық жалақы үшін арақ-шараппен есеп айырысқан күндер де болды ғой… Не деген сұмдық… Есітер құлаққа ұят… Иә, басқа амал болмады… Түзеліп кетерміз… Лайым солай болсын… Тіпті сол жылдарда талай қаланы қиратып тастадық қой… Обал-ай… Жекешелендіреміз деп колхоз-совхоздың миллиондаған қаржысы да, миллиондаған малы да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті, халық ала қалта арқалап босып кетті. Бейне қорқынышты түс сияқты, біздің жүрісіміз мынау – қоғамдық тәртіпті, заңды, ел тыныштығын сақтау үшін күн-түні үй көрмей; мұны ана биліктегілердің түсінгісі келмейтіні, елдің түсінбейтіні жанды қинап жүрген жоқ па, халық болса жоғарыда отырған ел қамын ойлайтындар бар деп біледі, ал олар сонда нені ойлағаны… Тәртіп сақшыларына деген құрмет далада қалды, бұл дегенің үкімет пен өкіметке деген құрмет емес пе… Үш күн… Тек үш ғана милиция жұмысын тоқтатты делікші, жұрт бірін-бірі тонап алатынын бұл басшылар түсінбегені ме сонда… Елдің жағдайы ауыр екенін білмей отырғаны ма… Өтірік есеп кімге керек… Ау, басқасын былай қойғанда, елде ақша дегенді қолына ұстап көрмегендер де болды ғой ол тұста… Да-а… Адам деген қызық екен ғой… Біздің аймақ басшысы халыққа сиырлардың артына қап байлап жіберіңдер, сонда сиырларың өрістен келгенде отындық біраз тезек аласыңдар деп те соққан жоқ па… Адам мемлекеттің басты байлығы емес пе, бүгін сол байлыққа басы ауырып отырған билік бар ма, ау, халықсыз, адамсыз мемлекет бола ма, ал сол адамға өз күніңді өзің көр дегенді қалай түсінеміз. Сонда қарапайым халық өз күнін өзі көруі керек және билікте отырғандарды асырауы керек болғаны ма? Ой, Алла-ай!
Бәрінен қиыны – заңбұзушылықтың белең алып кетуі болып тұр емес пе? Билік мұны ерте ескеру керек еді ғой… Қай қоғамда болмасын ішкі тәртіпті қорғаушылар рөлі төмендетілсе болды қылмыскерлер күшейіп, қылмыс серкелері билік жасайтыны белгілі емес пе еді. Өздерін сүттен ақ, судан таза қылып көрсету үшін биліктегілер барлығын құқық қорғаушыларға жапты, ал содан не шықты… «Жаман түйе жабуын жейді» деген… Ел наразылығы өсіп келеді, тіпті біздің ішкі істер органының өзінде өсек, өтірік көбейді. Психология өзгерді, кеше ғана өз қатарымызда қызмет етіп, ант қабылдағын адам зейнетке шығып еді, баррикаданың екінші бетіне өтіп кеткен сынды бейне. Адвокат болып, ақша үшін айтулы қылмыскерді де қорғап, оның айыбы анық болғанына қарамастан жанын сала қорғаштап, бүкіл тәжірибесін, білімін қылмысты ақтауға жұмсап отыр. Бұған не дерсің… Әрине… Барлығы емес қой, араларында ұстанымына беріктері де бар… Бірақ, көпшілігі… Е… несін айтасың… Неге бұлай болды… Сонда енді тек ақша құндылығы үстем бола ма… Адамдар пиғылы өзгерді…».
Табиғатта жыл шығар мезгілде, көктем шуақ әкелем десе, қыс қасарыса ызғарын төгер арпалысты, өліара сәттер болатыны сынды полковник санасында күдік пен сенім майдандасып жатқан тұста есік қағылды.
– Рұқсат па екен, полковник мырза?
– Иә… Нұрлан… Кел, жақынырақ отыр.
– Айып етпеңіз полковник мырза, көп күттіріп қойған жоқпын ба?
– Е… Ештеңе етпес… Өзім де осы шамада шаң берер деп отырғам… Ал баянда, шаруа не болды?
– Күдіктіні көрші облыстан, тағы да Созақтан таптық. Бұдан бұрынғы ұстаған үйді бірнеше күн аңдып жүріп, қолға түсірдік. Бүгін мана өзіңізге телефон соққан шамада Жаңақорғанға әкелдік. Бірден ИВС-ке (Уақытша ұстау абақтысы) апаруға қауіптеніп, жасырын түрде бір үйде ұстап отырмыз. Ертеңгісін РОВД угрооперативнигі Қазыбек Ертаев пен УВД угрооперативнигі Асқар Сейітов сонда апарады. Бұрын осы күдіктіні екі рет әкеп, ИВС-қа қамадық қой, бірақ тергеушілер істі «Дәлел жоқ» деп қысқартып тастай берді емес пе. Тағы да сондай болып, араға сөз жүріп кете ме деген оймен осылай істеуге мәжбүр болдық. Сосын тура өзіңізге келе жатырмын.
– Күдіктінің өзі не дейді?
– Бұрынғысы… Тура өткен жолғыдай… Кісі өлтіргенін мойындайды. Менің қорқып отырғаным: Бұрын да дәл осылай бізбен сөйлескенде қылмысын мойындап, тергеу кезінде басқаша сайрап, айтқандарынан танып шыға келді ғой. Ақыл, бағыт беретін біреулер бар және олардың бізбен қызметтес болуы да мүмкін. Күдігіміз болғасын осылай істедік… Жігіттер түнімен сол үйде ұстайды.
– Бұл жайлы РОВД басшылары біле ме?
– Жоқ. Әзірге Ертаев, Сейітов үшеуіміз ғана білеміз. Бұл жолы бізге мықты, өз ісін білетін, қолы таза тергеуші керек. Әйтпесе бұл қанішер тағы да бостандыққа кетеді.
– М-м-м… Қиын іс, оқиғаның болғанына алты жыл өтіп кетті. Дерек пен дәйек табу да қиын. Кешегі күннен сотый отпускаға кетті, ол кісі де көп жылдар бойы қылмысқа қарсы күресіп келе жатқан адам ғой, бізді қолдары анық, мен уақытша оның да міндетін атқарушымын.
– Полковник мырза, мынау тіпті дұрыс болып кетті ғой онда. Ендігі мәселе тергеушіге тіреліп тұр емес пе?! Тергеу басқармасына бұйрық берсеңіз болды ғой.
– Бұйрық берілер ғой… Мана сен хабарласқаннан бері осы істі кімге тапсыруға болар екен деп ойланудамын. Бұрын барған тергеушілер де тәжірибесіз емес-ті…
– Полковник мырза, бұл істі ашса – тек Орынбек Асылбаев ғана ашуы мүмкін. Қалалық ГСК (МТК)-да бірге қызмет атқардық, ол тергеу бөлімін басқарды, мен тергеуші болдым. Оның жігерлілігі, талапшылдығы, алған бетінен қайтпайтындығы тап осы жерде керек-ақ.
– Біздегі важнякты айтып отырсың ба? Биыл «Лучший следовательді» алатын, горпрокуратураның дегеніне көнбей, өз правотасын облпрокурор алдында дәлелдеп шыққан жігіт пе?
– Иә, аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші Асылбаевты айтамын.
– Оны біреулер тік мінезді деп жатады ғой.
– Бәлкім біреулерге ұнамай қалған болар. Бірақ ары да, қолы да таза азаматтың бірі. Таудағы Карабах соғысына қатысқан, жас болғанмен өмірдің ащы-тұшысын көрген жігіт. Ол барса қылмыстың беті ашылары анық.
– Келістік. Онда ертең Асылбаевты күтіңдер. Біздің машина жеткізіп салар. Айтпақшы ол «Қыздың шұбарындағы» кісі өлімімен айналысып жатқан еді, не істеді екен… Істі жақындатты ма екен? Сен қазір кейін қайт, жігіттерге айт: Мұқият болсын. Сыртқа ақпарат шығып кетпесін. Тергеуші үлгірсе түсте, үлгіре алмаса түстен кейін барады. Күдіктіні ИВС-қа түстен кейін, бәлкім кешке қарай апарғандарың жөн болар. Кейбіреулер құлақтанам дегенше Асылбаев та барып қалар. Бәлкім, тіпті былай істеген жөн сияқты. Күдіктіні алдарқатып сол үйде бола беріңдер, Асылбаевпен кездестіріңдер, бірақ оның кім екенін айтпаңдар. Ол әңгімелессін, барлығын жасырын видеоға түсіріңдер. Бәлкім сол тұста тергеуші де ілік болар бірдеңе табар. ИВС-ке содан соң апарарсыңдар. Бұл әрі әлгінің қолдаушыларының бірден әрекетке көшпеуі үшін де керек болар. Сосын оның Жаңақорғанда екенін өздеріңнен басқа ешкім білмесін, жақтастары «Созақта жүр» деп бейқам жүре берсін, біз үшін осы тиімді. Мен де мындағыларға «Асылбаевты материалмен танысу үшін жібердім» – дермін. Себеп бар ғой оған: Бірнеше рет қаншама күн оперативниктер із кесіп, күдіктіні қолға түсіреді, алып келеді, неге тергеушілер босатып жібереді? Бұл жерде не гәп бар, біздің басқа органдарға іс туралы баяндамай тұрып өзіміздің тексеруге құқымыз бар. Осылай істелік, іс бойынша барлық материалдар тергеуші барғанша дайын тұрсын. Мен РОВД бастығына да, тергеу басқармасына да осылай айтамын. Ал, іске сәт! Жолың болсын!
Екеуі де орындарынан тұрды. Қылмыспен күрес саласында тер төккен екі азаматтың да санасында осы тұста күдіктен гөрі сенім асқақтай бастаған болатын. Бұл кезде түн жарымы болған еді.
* * *
ІІ. ҚИЫН ТҮЙІН
1999 жылдың көктемі кештеу келді, жер лайсаң. Аспанды қақырата найзағай ойнады. Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, жерді тітірете сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етті. Қызылорда – Жезқазған тасжолының 120-шы шақырымындағы «Қыздың шұбары» атты жердегі кісі өліміне байланысты іс тергеуін аяқтап қалған аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші Орынбек Асылбаевтың айыпталушыны қылмыстық іспен таныстыру үшін тергеу изоляторына бармақшы болып облыстық ішкі істер департаментінің шығар есігіне беттегені сол еді, жауапты кезекшінің дауысы естілді. Кілт тоқтаған бұл кезекші бөлімінің терезесіне бұрылды.
– Капитан! Саған Оңғарбаев «Тез келсін!» – деп жатыр.
Бұл ойланып қалды. «Тергеу басқармасы бастығының орынбасары неге іздеді екен?».
– Жайшылық па?
– Білмеймін. Көкең «қылғынып жатыр»! Тез жеткейсің.
Бұл есік қағып рұқсат сұраған еді, іштен «Кір!» – деген жарықшақты үн естілді. Үстел басындағы Оңғарбаев түтеп отыр екен.
– Қайда жүрсің? Әй… Таң атқаннан сені іздеп қырылып қала жаздадық қой, а..?
– Кеше түндегі жиналыста өзіңіз маған арнайы тапсырып: «Басқа істерді қоя тұр да, ана істі бітір» – дегеніңіз бойынша кісі өліміне байланысты істі аяқтап қалдым. Соған қатысты тергеу изоляторына бара жатырмын, адвокатпен келісіп қойдым. Оның да жұмысы көп екен, сондықтан…
– Тоқта! Әй… сайрап барасың ғой, тіпті. Бәрін таста! Жинал! Жаңақорғанға барасың!
– Ау, бүгін бітірмесем ана іс отчетқа енбей қалады ғой.
– Отчет?! Әй… Мен саған не деп тұрмын…
Оңғарбаевтың ашуланғанда дауысы қырылдап, тамағы сырылдап, кей сөздері түсініксіз болып кететінін білетін бұл әліптің артын бақты.
– Не деген адамсың сен… Бұрын бізге бастық айтса болды – «Құп!» деп жүгіре беретінбіз. Еще… маған «Тергеу мерзімі ұзап кетеді» – дейді ғой… Смотри, а…?! Бағынғың келмей ме, жүр онда 101-ге.
– Ол кісіге қандай шаруамен, неге байланысты баруым керек?
Бұл сауал онсыз да терісіне симай отырған Дат Оңғарбаевты тіпті ызаландырып жіберді. Беті қызарып, танауы делдиіп кетті.
– Не дейсің?… Әй… мен саған не деп тұрмын. Барлығын баяндап тұрайын сол. Сыртта машина күтіп тұр… Барғасын РОВД-дағылар айтады… Болды… Бар!
Кілт бұрылып, шыға жөнелген ол өз кабинетіне келіп, қолындағы істі сейфке салды да ойға қалды. «Ау, мына кісіге не болған? Әлде біреу өсек айтты ма екен. Ара-қатынастарында бұрын мұндай жайттар болмаған еді. Мына істің мерзімін өткізіп алмасам болды да, ал олай болды дегенше бұған бұрын тісі батпай жүргендердің біразы атойлап шығары анық.
Жаңақорғандағы не іс екен? Менен басқа кімдер барады екен? Қандай қаулы, хаттамалар бланкілерін ала кеткен жөн екен? Не болғанда да бір төтенше жай болып тұр ғой, әйтпесе әлгі кісі мұнша бүлінбес еді, тіпті дұрыстап мән-жайды да түсіндірмеді ғой».
Бұл тұс әлі ұялы телефон байланысы Сыр бойына толық келе қоймаған, тек қолы жеткендер мен бастықтар ғана енді қолдана бастаған кез еді. Бір жайтты білу үшін өзің баруың керек, не қалалық телефон қызметіне жүгінесің. Ал, шаруа көп. Таусылмайтын сұрақтар, жауапсыз сауалдар. Ол сәл тыныстап, өзін іштей сабырға шақырды. «Сап! Сап көңілім! Сап! Асықпа, аптықпа!». Кейбір керек болады-ау деген қағаздар мен құжаттарды жинақтап, папкасына сала коридорға шыққан ол тергеу басқармасы бастығының тергеу өндірісіне жауап беретін орынбасары Күнберген Бердібаевтың дауысын естіп бұрылған еді, оның кабинетіне кіріп бара жатқанын көрді.
«Бұл кісі түстен кейін облыстық прокуратурадағы жиналысқа баруы керек еді ғой. Мән-жайды осы кісі біліп қалар». Көп жылдар прокуратура саласында қызмет атқарған, қала прокурорының бірінші орынбасары болған, тергеу саласының майталманы саналатын бұл азаматты облыс ішкі істер органдары қызметкерлері құрмет тұтатын, артық сөзі жоқ, сыпайы, нағыз зиялы жан кейінгі буынға көмек беруден де қашпайтын. Тергеушілер арасында айтылған «Қылмыстық іс Күнберген «Іс болмайды» десе 100 пайыз, ал егер «Іс болуы қиын десе» 99 пайыз соттан өтпейді» деген пікір ақиқатты тәмсілге айналып кеткен болатын.
Бұл да оның ізін ала кабинетке енді.
– Күнеке! Мені срочно Жаңақорғанға жіберіп жатыр! Шұғыл бір жағдай болып қалған жоқ па? Не іс, не оқиға? Хабарыңыз бар ма?
Ол орындықты қолымен нұсқады да, қораптан алған шылымды үш саусағымен баяу шиыра бастады. Бұл оның маңызды мәселеге кірісер алдындағы дағдысы болатын.
– Өткенде Ғайса барып келген іс болса керек. Ол бір қиын түйін екен. Іс шығуы қиын, себебі оқиға осыдан алты жыл бұрын болған, бұл уақытта оның өлім себебін сот-дәрігерлік сараптамасы анықтап бере алмайды ғой.
Осы кезде кабинетке Дат Оңғарбаев кіріп келді.
– Әй, Асылбаев! Неғып отырсың! Ей, мынаған дауа жоқ екен ғой, өзі. Менің Жаңақорғанға кет дегеніме екі сағат болды ғой. Жаңа бастық звондап, айғайлап жатыр: «Тергеушің қайда» – деп. Кабинетіңе барам – жабық, криминалистерге барам – жоқ, сыртта анау уголовный розыскының машинасының тұрғаны таңылып. Бұл болса мында отыр ғой шәниіп… Не деген адамсың… Смотри, а… бастығым айтты екен деп жүрген бұл жоқ…
неттің тұсынан өткенше оның жарықшақты дауысы естіліп тұрды.
«Осы кісі біреуге айғайлағанды үлкен бедел, салмақ көреді-ау, сірә. Әйтпесе, жай айтып-ақ жеткізе беретін нәрсе емес пе? Екі сағат болды іздегеніме дейді… Мұның «Жолға шық» дегеніне он бес-ақ минут болды ғой. Қызық… Үлкейе келе біз де осы кісідей болар ма екенбіз. Ойбай, құдай сақтасын… Бұл өзімен кетсін. Тіфә-тіфә… Айғаймен іс бітуші ме еді…».
Кезекші бөлімінің тұсынан өтіп бара жатқанында жауапты кезекшінің дауысы естілді: «Тергеуші Жаңақорғанға шықты ма деп сұрап жатыр 101. Ана оң жақта тұрған «Жигули» апарып салады. Мен бастыққа баяндай берейін».
Бұл отырысымен қозғалған «ВАЗ-2106» автокөлігі жер апшысын қуыра жүйткиді, жүргізуші сержант та әңгімеден шаршар емес: «Біздің жігіттер алып келсе, тергеушілер жібере салады екен. Қызық… Оңай дей ме екен? Ойыншық па екен? Мана мені бастыққа шақыртты. Приемныйға барған бойым еді, сіздердің бастықтарыңыз кіріп кетті. Қос қабат есіктің сыртқысы сәл ашық қалыпты, хатшы қыз да бір жағына шығып кеткен екен. Ойбай… сұрама, сұрама… Біздің бастық сіздердің бастықты іреді… Ей, оның өзінен де бар… 101 түсіндіріп жатса, «Ондай тексеру неге керек?» – дей ме, «Ол бірнеше рет қозғалған дохлый іс қой дей ме»… әйтеуір бірдеңе деп жатыр. Біздің бастықтың қатты ашуланғанда «Е… мать, по стенке размажу, парву» деп столды ұратыны бар ғой, сол басталысымен бастық кабинетінің есігін плотно жаптым да, қабылдау бөлмесінен шығып кеттім. Коридорда тұр едім, бір кезде сіздердің бастықтарыңыз шықты түрден түр жоқ… Біздің жігіттерге де оңай емес, үй жоқ, күй жоқ, сол бақташыны сүйретіп өлтіретін қанішердің ізінде жүр ғой сабылып…».
Осы тұста тергеушінің ойына кейбір жайттар түсе бастады. Сержант әлі сөйлеп келеді, бұл болса өзі ойының қалың қабаттарын қайта қопаруда еді. «Е…е… Нұрлан бір кездескенде айтқан әңгіме болды ғой… Алты жыл өтіп кетті, ә?! Атқа сүйретіп, шылбырмен қылғындырып өлтірген… Иә…иә… Ау, сонда мотив қайда, қылмыскер не үшін мұндай әрекетке барды? Неге кезінде іс ашылмай қалды, тергеушілердің босатуына не себеп? Күнекең мана іс шығуы қиын деді-ау. Онымен де ақылдаса алмай қалды… Кезінде аса мән бермеген еді, бұлай боларын білгенде Нұрланнан үтір-нүктесін қалдырмай сұрайтын еді ғой. Та-ак… Айтпақшы, құдай біледі Нұрлан сол Жаңақорғанда жүрген болар. Иә, оның хваткасы мықты ғой, сол шығар күдіктіні ізінен қалмай індетіп жүрген… Не болса да бара көрермін».
Ол ойдан арылып, жолға көз тікті, Төменарықтан өтіп барады екен. Жүргізуші машинаның бар мүмкіндігін пайдаланып келеді екен, өзге жүргіншілер мемлекеттік нөмірі әдеттегіден өзгеше, төбесінде жарқ-жұрқ ете көк шамы жанып келе жатқан автокөлікке ығыса жол беруде.
– Мигалканың қажеті қанша?
– Ойбай-ау, 101 сізді «Тығыз жеткіз, барлық мүмкіндікті қос» – деп бұйрық берді ғой.
– Ә… олай болса… Айтпақшы Нұрлан Қыдырбаев қайда жүр екен, білмедің бе?
Сержант лекіте күліп алды.
– Ойбай-ау, осының бәрін дүрліктіріп жүрген сол емес пе. РОВД-дағы Ертаев екеуі ғой әлгі қанішердің адымын аштырмай жүрген. Құда қаласа, қазір алдыңнан шығар. Тіпті, ол бізді Жаңақорғанның шетінен күтіп алуы да мүмкін… Әйтпесе Нұрлан бола ма…
– Е… бопты.
«Нұрлан осында екен ғой. Бәсе… Жарады жігіт… Шындығында да мына іс – нағыз қиын түйін болып тұр екен, ә…».
Әне-міне дегенше Жаңақорғанның да төбесі көрінді. Сержант жылдамдықты бәсеңдетер емес, кентке жақын тұстағы жол айрығына орналасқан МАИ бекетінің де алыстан сұлбасы көріне бастады.
– Айттым да қойдым. Ореке, мені әулие десең де болады-ау. – Сержант тағы да рақаттана күліп алды. – Анау тұрған сол Нұрлан болар, қателеспесем, машина соныкі.
Бұлар күтіп тұрған көлік жанына тақай тоқтаған сәтте машинадан үстінде сұр вельветтен тігілген қонымды костюм-шалбары бар, шашына ақ түсе бастаған көрікті жігіт жымия түсіп келе жатты. Иә, бұл Нұрлан еді.
– Ореке, қош келдіңіз!
– Қош көрдік, Нұреке!
Екі жігіт құшақтаса сәлемдесті.
– Ореке, менің машинама отырып, бағыттасып алалық. Братишка, ана төбеңдегіні өшірсей жұрт назарын аудартпай. Сосын көлігіңмен былайырақ бұр, мына бір іздікке түсіп трассадан алысырақ жыңғылдың арасына барып тұрарсың. Менен хабар болмай қозғалма, бұйрықты күт!
– Құп болады!
Хикая авторы: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, білім саласының үздігі, ақын, қарымды қаламгер Алдажар Әбілов
(Ескерту: Күнделікті бөлімдерді күтпеймін дейтін әңгіме сүйер оқырман кітапты сатып алса болады)