ZHAMBYLNEWS — Жуалы ауданындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзақтығы 561,2 шақырымды құрайды десек, соның ішінде республикалық мәндегісі – 58,1, облыстық мәндегісі – 132, аудандық мәндегісі – 108,12 шақырым, ал ауыл көшелерінің автомобиль жолдары 263,0 шақырымды құрайды. Осы жолдардың қанағаттанарлық деңгейі 64,4-100 пайыз аралығында.
Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы биыл өңірде түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында сомасы 373, 1 млн.теңгеге жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайтын ауыл-аймақтардағы 14 көшенің автомобиль жолдары орта жөндеуден өткізілетінін айтады. Сонымен бірге аудан орталығында жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Тараздық «Айя сервис» ЖШС Б.Момышұлы ауылындағы Б.Сафинов және Рысбек батыр көшелеріне асфальт төсеу жұмыстарын тың қарқынмен бастап кетті. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінен аудан орталығына кіреберіс қақпадан басталатын ұзындығы 306 метрлік асфальт жол мен жаяу жүргіншілер соқпағының құрылысы тамыз айының орта шенінде басталып, бүгінде аяқталуға жақын.
Учаске басшысы Рахат Тойшиевтің айтуынша, кіреберіс қақпаға жақын тұста жыл сайын отыратын жол төсемінің асты қопарылып, қатайтылған. Бетон құбырдан су қашыртқы жүйесі орнатылған. Жалпы ұзындығы 750 метрге сол және оң қапталдан жаяу жүргіншілер жолы жасалып, асфальтталған. Оған қоса жолдың жиегіне жиектастар (бордюр) салынып, қақпадан шығаберісте жолдың екі жиегіне суағар орнатылған. Одан бөлек, жолдан екі бағытта тарайтын жолайрықтар салынып, асфальттанды.
Компанияның Рысбек батыр көшесіндегі екінші объектісінің ұзындығы 304 метрді құрайды.
– Көшенің жол төсемінің бір қабаты толығымен сүріліп, ені 2 метрге кеңейтіледі. Сайдың табанындағы көпір екі бөліктен тұратын ұзын әрі ені кеңдеу жаңасына ауыстырылды. Бұрын көпірдің ұзындығы 9 метр болса, қазір 16 метрге ұлғайып, ені тоғыз метрге кеңейіп отыр. Көпір сайдағы судың ағу бағытымен салынды. Жөндеу жұмыстары бір ай бұрын басталды, шамамен бір жарым айда толық аяқтайтын боламыз, – дейді учаске бастығы Любовь Муравьева.
Құрылыс жұмыстарына 10 бірлік техника мен 10-ға тарта жұмысшы тартылған. Қазір жолшылар көше бойындағы мекемелер мен тұрғын үйлер жанындағы автотұрақтарды жайластыру үстінде.
Нұриділда Сүлейменовтің компанияда жұмыс істегеніне биыл төртінші жыл. Ол Оңтүстік Кореяда шығарылған қуатты «DOOSAN» эксковаторымен сайдың табанын аршып, судың бағытын қалпына келтіру жұмыстарын атқаруда.
Жол жөндеу жұмыстары сондай-ақ аудан орталығының Еркінбек Сауранбекұлы, Тәуелсіздік көшелерінде, Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылындағы Б.Момышұлы-Байтоқов көшелері, Ковешников-Б.Майлин көшелерінен Байтоқов көшесіне дейінгі тұйық аралығында да қызу қарқынмен жүруде.