ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің іс жүргізуінде 87 қылмыстық іс болды. Бұл туралы «Antikor» орталығында өткен брифингте Департамент басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали мәлімдеді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
—«Жалпы, көрсетілген мерзімде Департаменттің өндірісіндегі 28 қылмыстық іс сотқа жолданып, мемлекетке 1,8 млрд. теңге сомасында келтірілген залал өтелді,» — деді Қуаныш Бүркітұлы.
Сонымен қатар, ол сот үкімдері шыққан жекелеген істерге тоқталып өтті.
Атап айтқанда, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Ж.Жаманбаеваның қылмысы әшкереленді. Ол пандемия кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, қымбат жылжымалы рентген аппараттарын сатып алу кезінде жеке компанияға артықшылық көрсетті, бұл ретте отандық өндірушілердің өтінімдерін қабылдамай тастады. Тергеу барысында ол өз кінәсін мойындады, мемлекетке келтірілген залал өтелді.
Сот үкімімен Ж.Жаманбаева қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзіміне бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Бұдан бөлек, облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Теңіз порты» кеден бекетінің «Құрық» өткізу пунктінің қызметкерлері У.Нұрғалиевке және С.Дановқа қатысты бұрын әкелінген 191 автокөлік құралының шығуы туралы дерекқорға жалған мәліметтер енгізген фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді.
Көрсетілген көлік құралдары кейіннен жалған құжаттар бойынша басқа өңірлердің жол полициясы бөлімшелерінде, яғни тиісті кедендік декларациясыз есепке қойылды.
Сот үкімімен екі қызметкер де кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды және У.Нұрғалиевке 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру, С.Дановқа 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, Департамент Жаңаөзен қаласының пробация қызметі бөлімі бастығының м.а. Н.Қалдаровқа қатысты пробация орнына ауысқаны және одан әрі қамқорлығы үшін бас бостандығын шектеуге сотталған адамнан пара алу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеді.
Сот үкімімен соңғысы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды, оған үш жылға бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, соңғы уақытта сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту нәтижесінде осындай қылмыстар саны азайған. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыстық істер саны 32% — ға төмендеді.