«Antikor» орталығында құрылысшы, кәсіпкер, меценат Ұлбосын Ахметованың қатысуымен тікелей эфир өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған эфирде құрылыс саласында біраз жыл жетекшілік етіп, 687 жанұяның баспаналы болуына көмек қолын созған Ұлбосын Ахметова өз ойымен бөлісіп, пікірін ортаға салды.
Ұлбосын Жүзбайқызы қазіргі жастар арасында бәсекелестіктің артуы мен дүниеқұмарлықтың салдары сыбайлас жемқорлықтың халық ортасында қалыпты жағдайға айналып кетуіне әсер етті деп есептейді.
«Бұрын «ашыққаннан, құныққан жаман» деген сөзді естіп өстік. Ең сорақысы, бізде бәсеке бар. Қарапайым мектеп балалары да өз алдына бір-бірінен біліммен емес, қолдағы дүниемен санасып, мақтанатын жағдайға жетіп отырмыз. Ата-ана да баласын ойлап еңбек еткенімен, бәрі адал жолмен ақша таппайтындары өкінішті. Жемқорлық жасауға мәжбүрмін дейтіндер де бар. Дегенмен шариғатта айтқандай «ақшаны берген де, алған да күнәхар» екенін ұмытпаса деймін,» — деді Ұлбосын Жүзбайқызы.
Сондай-ақ, тікелей эфир қонағы қазіргі ұрпақ бойынан ашкөздік пен тойымсыздықты жоюдың маңызды екеніне тоқталды.
«Басқаның дүниесіне ашкөздікпен қарау деген нәрсе — адамның шүкіршілігінің жоқтығы мен тойымсыздығынан басталады. Ал дүниеқұмар адам, жемқорлықтан тайынбайтыны анық. Сондықтан, тазалық, адамдық, адалдық деген асыл қасиеттер бізді ешқашан жолда қалдырмайды,» — деп ойын жеткізді меценат.
Сондай-ақ, эфир барысында спикеріміз қазақ тілін ұлықтап, ана тілде сөйлеу маңызды деген ойын білдірді. Бұдан бөлек, жастар уақытты бос өткізбей, білімге ұмтылуы – болашақтың кепілі екенін атап өтті.