Біз індетті жеңеміз

0 12

«Мемлекеттің басты байлығы — адам» десек, дені сау адам ғана ел қазынасы, ұлт болашағы бола алатыны белгілі. Сондықтан да жылма-жыл Елбасы да, еліміздің Президенті де барша халыққа салауатты өмір салты мен денсаулықты жақсартуға бағытталған кешенді шаралар алуда. Әйтсе де, бүгінде әлем жұртшылығын дүр сілкіндірген коронавирус індеті біздің де елімізді айналып өтпей, адамдардан сақтықты талап етіп отыр.
«Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, дауасы табылмаған дерттің біздің елімізде таралып кетпеудің алдын-алуға Президент Қ.Тоқаевтың Үндеуі шығып, елде төтенше жағдай жарияланғаны мәлім. Аталған қауіпті аурудың алдын-алу мақсатында Сарысу ауданы әкімінің тікелей басшылығымен өңірлік штаб құрылып, пневмония індеті таралуының алдын алу үшін санитарлық, эпидемиологиялық шараларды күшейту мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Аудан көлемінде сауда нысандары мен базарларда сақтық қауіпсіздік шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Аты жаман індетті болдырмау үшін уақытпен санаспай, жұмыс жасап жатқан іс басындағы азаматтарға ел разы болып қолдау да көрсетуде.
Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай сәтте сыналады.
«Көптің сөзі киелі» дегендей, біз осыған орай жұртшылық өкілдерінің пікірін беруді ұйғардық.

Ержан Мақатайұлы:
— Індеттен құтылудың әзірге жалғыз жолы бар. Ол – вакцина салдыру. Яғни, қалыпты өмірге қайта оралу үшін екпенің маңызы зор деп есептеймін. Өз басым әуелі түрлі ақпараттармен танысып, кейін қауіпсіздігіне көз жеткізген соң екпені салдыру туралы шешім қабылдадым. Әр азамат өз денсаулығына, отбасына жауапты. Менің де үйімде жасы үлкен кісілер бар. Жұмыс бабымен сыртта көптеген азаматтармен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, иммунитеттің мықты болғаны абзал. Вакцина қабылдағаннан кейінгі әсерім жақсы. Жігерленген сияқтымын. Боранды күні далаға шыққанда қымтанып киініп аламыз ғой. Мен де індетке қарсы вакцина алып, бала шағама да барынша қорғанудың амалын жасап жатырмын. Жерлестерімді де вакцина қабылдауға шақырамын. Жалпы, ауырмайтын жол — тазалық, салауатты өмір салты, күтім, иммундық ахуалды ұдайы бақылап отыру. Осы қарапайым нәрселерді ұмытпасақ, еліміз аман, жұртымыз тыныш болады деп ойлаймын.

Жанар Жұмағұлова:
— Қоғамның қауіпсіздігін сақтау – өз қолымызда. Яғни, әркім өз денсаулығын қорғаудан, сақтаудан басталады. Сондықтан, мұндай маңызды қоғамдық бастамаларға келгенде тартынып қалмай, керісінше, оның жоғары деңгейде жүзеге асуына атсалысуымыз керек дейді ол. Яғни, вирусқа қарсы вакцинация пайда болған күні бірден егіліп, аурудың алдын аламыз деп шештік. Бұл — менің ғана емес, отбасымның шешімі. Себебі, біз бұрынғы өмір салтымызға оралғымыз келеді. Ол үшін әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігерлердің ақыл-кеңесін уақытында орындап жүруі шарт. Екпеден кейін бас айналу немесе әлсіреу сынды кері әсер болмағанын және жарты сағаттай мамандардың бақылауында болғанымды айтып өтейін. Өз міндеттеріне ерекше жауапкершілікпен қараған дәрігерлерге алғысымды білдіремін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.