Елбасымыздың көрегенділікпен жүргізіп келген саясатының арқасында тәуелсіз қазақ елі биіктерді бағындырып, дамудың даңғыл жолына түсті. Ең бастысы — бірлік пен келісімге, достық пен өзара түсіністікке деген құлшыныстың басымдығының арқасында әлемдік дағдарысты жеңудеміз.
Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, елімізде тұрақтылықты сақтау мен оның дамуына аса зор үлес қосып келеді.
Қазіргі уақытта елімізде 2000-ға жуық Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясының және оның өңірлік құрылымдарының жанынан құрылған Қоғамдық келісім кеңестері бүгінде қоғамдағы көкейкесті мәселелерді талқыға салып, олардың шешу жолдарын қарастырып келеді.
Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері ел ішінде беделі бар, сөзі өтімді тұлғалардың арасынан сайланады. Олар қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың сақталуына жергілікті билік өкілдерімен бірлесе қызмет етуде. Кеңес мүшелері негізінен көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, газдандыру, көшелерді жарықтандыру, тұрғын үйлер салу үшін жер беру, көп балалы, жағдайы төмен, жас отбасыларға материалдық, әлеуметтік көмек беру, аймақтарды абаттандыру, мектептер үшін кітаптар сатып алу, елді мекендер тұрғындарының қауіпсіздігі, қарияларға көмек көрсету, өрттен зардап шеккендерге үйді жөндеуге қаржылық көмек көрсетуге ат салысады.
Қазіргі уақытта қоғамдағы тұрақтылыққа аса зор назар аударып отырған Қоғамдық келісім кеңестері билік пен тұрғындар арасындағы әмбебап диалог алаңына айналды.
Демек қоғамдық келісім кеңестері — игі істердің мұрындығы.
Өркен Тамшыбай,
Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы