Аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы мұнан соң Аса-Бірлесу-Еңбек жолының бойындағы «АСА АГРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс етін өндіретін фабрикасының құрылысын көрді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Үш жылға жоспарланған жобаның құны – 8 млрд теңге, жер көлемі – 2,6 гектар. Бүгінде ескі баздарды күрделі жөндеуден өткізіп, фабриканың талаптарына сай жабдықталғаны туралы айтқан серіктестік директоры Төлебай Меңдіоразов алдағы уақытта 3 нысанның жұмысы толықтай іске қосылатынын айтты.
Мұнда кезінде тауарлы сүт өндіретін фабрика ұзақ жылдар бойы қаңырап, бос тұрған. Шатырлары да ескірген. Бүгін жұмысшылар тартылып, кем-кетігі реттелген. Суды тасымалдап әбігерге түспес үшін фабрика маңанан ауыз су мұнарасының құрылысы аяқталған. Германия мемлекетінен арнайы құрылғыларда келіп жеткен. Егер алдағы жоспар сәтті тиянағын табар болса, жылына 21 мың тонна құс етін сатылымға шығарылмақ.
Мұнда алдымен балапан жеткізіледі. Балапанның күтіп-бапталуына 42 күн қажет. Бұл мерзімде құс еті толықтай тарқап, салмақ қосады. Фабриканың әр базына 3 жұмысшыдан есептегенде 9 адам жұмыспен қамтылса, қарауыл, есепші, басқа да жұмысшылардың жалпы саны 15-ке жетеді. Ал 2022 жылы дәл осы жерден 4 баздың құрылысы, кейінгі жылдары Жұма стансасынан фабриканың тағы филиалдары еңсе тіктейтін болады. Осылайша, өндіріс қуатын екі-үш есеге артады деп күтілуде.
Фабрика құрылысын көрген аймақ басшысы жергілікті әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін, жұмысқа ауыл азаматтарын орналстыруды назарға алу керектігін алға тартты.