«30 МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ»

0 10

«Antikor» орталығында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұловтың қатысуымен тікелей эфир өтті.

Тікелей эфирде спикер Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің негізгі құзыретіне кіретін мәселелерге тоқталып, маңызды мәселелерді атап өтті.

«ҚР Мемлекеттік қызмет туралы заңына сәйкес, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттері мемлекеттік қызмет, саладағы бақылау жұмыстары, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытында жұмыстарды жүргізеді.

Өңірде 252 мемлекеттік орган бар, олардың 163-і жергілікті атқарушы органдар болса, 89-ы орталық мемлекеттік орган. Облыста 2 870 мемлекеттік қызметші жұмыс атқаруда,» деді Тоқтамыс Қадошұлы.

Эфирде Тоқтамыс Жұмағұлов қоғам мен жергілікті биліктің арасында кері байланысты қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады.

«Бүгінде, Агенттік төрағасымен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі мәселелері жөнінде нақты іс-шаралар жоспары айқындалған болатын. Онда халықпен тығыз байланысты нығайту тетіктерін қалыптастыру, қоғам пікірін ескеру, құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізу, халықтың цифрлық сауаттылығы мен электронды қызмет көрсетуді кеңінен насихаттау көзделген. Қазіргі кезде аталған бағытта ақпараттық шаралар жиі ұйымдастырылып, БАҚ арқылы жұртшылыққа барлық ақпараттарды жеткізіп отырмыз,» деді эфир қонағы.

Сондай-ақ, эфирде мемлекеттік органдар тарапынан заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті тексеріс жұмыстарын жүргізетіні атап өтілді.

«Биылғы жылдың 11 айында Департаментке мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты 19 өтініш түсті. Оның 9-ы дәлелденіп, азаматтардың құқықтары қалыпқа келтірілді. Әрине, өтініштер негізінде заңбұзушылықтар анықталса, тиісті шешімдерді қабылдаймыз. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету бағыты бойынша заңбұзушылыққа жол берген 30 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар да бар. Жалпы алғанда, Департаменттің тексеріс жұмыстарының нәтижесінде мыңнан астам бұзушылық анықталды. Оның ішінде бизнес процесстерді бұзу, қызмет көрсету мерзімін бұзу, құжаттар топтамасының толық болмаған кезде қызмет көрсету сияқты фактілер жиі кездесті,» деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы.

Сонымен бірге, эфирде Тоқтамыс Қадошұлы мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлық әрекеттеріне бару себептерін де атады.

«Мемлекеттік қызметшілер әдеп нормаларын сақтайтын болса, заңбұзушылыққа бармайды. Заңды бұзу кішкентай қадамдардан басталады. Сондықтан біздің мақсатымыз – мемлекеттік қызметшілерді тәрбиелеу, заң көлемінде жұмыс істеу. Мемлекеттік қызметшінің құқықтық мәдениеті төмен болса, заңбұзушылыққа жол беріп жатады. Әрине, материалдық жағдай деген себептер де бар. Бірақ, бұл әрекеттерді ешқандай себеппен ақтай алмаймыз. Мемлекеттік қызметшіде жауапкершілік мол болу керек. Қызметте жүрген кезде жауапкершілік екі есе жоғары болу керек. Олардың жеке қасиеттері жоғары болса, заңбұзушылық аз болады деп ойлаймын,» деп пікірін жеткізді спикеріміз.

Сондай-ақ, Тоқтамыс Қадошұлы сыбайлас жемқорлық көріністерін алдын алу және азайту үшін мемлекеттік органдардың қызметіндегі ішкі талдау маңыздылығы жоғары екенін атап өтті.

Эфир соңында спикеріміз мемлекеттік қызметшілердің жұмысына сәттілік тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.