Аудандағы елді мекендердің ішінде Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңына сәйкес, тұрғындарының саны бес мың адамнан асатын аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылы бас жоспармен, ал қалған 48 елді мекен оңайлатылған бас жоспарлары белгiленген тәртiппен бекiтiлген , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бас жоспар – бұл тұрғын халықтың мүддесі үшін және мемлекеттік міндеттерді, қаланың аумақтық даму бағытын және оның шекарасын кеңейтуді ескере отырып әзірленетін негізгі қала құрылысының құжаты. Бас жоспардың мақсаты – аумақтың жоспарлы, үйлесімді дамуын қамтамасыз ету, адамдар үшін қолайлы және қауіпсіз тіршілік ортасын құру.
Заңнама талаптарын орындауды қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттар құрылыстарына жер бөлу кезінде, сонымен бірге, бұрыннан тұрған объектілерді қайта жабдықтау кезінде немесе қайта жарақтау үшін құжаттар дайындауда заң нормаларын сақтау әрдайым басты назарға алынады. Заң талаптарына сай қазір бас жоспарсыз елді мекендерде ешқандай құрылыс жұмыстарын іске асыруға болмайды.
Аталған жағдайға байланысты, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңына сәйкес, 2020 жылы Б.Момышұлы, Қарасаз, Қайрат және Көлбастау ауылдарының қазіргі бас жоспарына түзету енгізіліп, жобалау жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, Қарасаз ауылдық округіне қарасты Қарасаз ауылының бас жоспары бойынша елді мекеннің шекара аумағы кеңейтіліп, 49 гектар аумаққа тұрғын үй учаскелері, спорттық сауықтыру кешені, 150 орындық балабақша, сүт өңдеу цехы, наубайхана, монша кешені, саябақ салу жоспарланған.
Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыстар бойынша бас жоспарға сәйкес, Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылы және Ақсай ауылдық округінің орталығы Қайрат ауылында да инфрақұрылымдық нысандарға тұрғын үйлермен қатар, бірқатар әлеуметтік нысандар салу көзделіп отыр.
Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылының бас жоспарын жаңартудың қажеттілігіне байланысты оған қайта түзетулер енгізе отырып, биыл жобалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жаңа алаптар үшін Б.Момышұлы ауылының шекаралық аймағы 245,87 гектарға кеңейтіліп, оған 814 тұрғын үй учаскелері, 11 қоғамдық-іскерлік аймақ, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін көп қабатты тұрғын үй құрылысын жүргізу, жеті бірдей кәсіпкерлік нысан, автотұрақтар, аурухана, саябақтар, мұражай, демалыс аймағы, жанармай құю бекеті, 600 орындық екі мектеп, екі балабақша, мешіт, логистикалық орталықтың құрылыстары жүргізілмекші. Жер телімі Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 26-бабы 12 тармақшасына сәйкес, аудандық мәслихаттың бекітуіне ұсынылды.
Одан бөлек, ағымдағы жылы ауданымыздың Ақбастау, Жұрымбай, Т.Дүйсебайұлы, Нұрлыкент және Түктібай елді мекендеріне қазіргі оңайлатылған бас жоспарларын жаңартудың қажеттілігіне байланысты түзету енгізу және жобалау жұмыстарын үшін «АзияТурПроект» ЖШС-мен келісім шарт рәсімделіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.