Талас ауданы, Қаратау қаласындағы Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы ғимаратына орналасқан азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімшесі жанынан отбасылық кеңес беру кабинеті ашылды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Ашылу салтанатында лента қиған аудандық сот төрағасы Гүлмира Әлімқұлова мен аудан әкімінің орынбасары Роман Қырықбаев, аудандық соттың судьялары Ләйлә Дүкенбаева мен Беглан Жармұхаметов, аудан әкімі аппаратының басшысы Есенгелді Малкайдаров пен аудан әкімі аппаратының бас инспекторы, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Гүлмира Қалықұлова және аудан әкімі аппаратының мемлекеттік – құқықтық жұмыс бөлімшесінің басшысы Толғанай Асқарбекова қатысқан отырыста Толғанай Қибатқызы:
— Бұл кабинеттің ашылуындағы басты мақсат: адамның дүниеге келген сәтінен бастап барлық өмірлік маңызы бар нәрселер: неке қию, неке бұзу, тегін, атын, әкесін өзгерту, әкелікті анықтау, баланы асырап алу, туу туралы акт жазбасын қалпына келтіру, өлімді тіркеу қызметтері көрсетілетін болады. Адамның өмірінде айтулы оқиғалар мен болашағын анықтар жағдайлар көп болады. Біз ашып отырған отбасылық кабинет сондай мәселелерге оң ықпалын тигізетін болады ,– деді.
Ал, аудан орынбасары Роман Қырықбаев «Nur Otan» партиясының 2020-2021 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша құрылған «Бақытты отбасы» жобасын қолдау орталығына келер жылы 10 миллион теңге қарастырылғалы отырғанын жеткізіп, ол қаражат осы «Отбасылық кеңес беру» кабинетінің жұмысын жүргізуге де бөлінетінін түсіндірді.
Аудандық соттың төрағасы Гүлмира Әлімқұлова мен судья Ләйлә Дүкенбаева өздері тарапынан әрқашанда заң аясында көмек беруге дайын екендіктерін мәлімдеді.