Қатаң жүйедегі қайырымдылық

0 157

«Альмира, қалқам! Өзің де анасың, ананың жай-күйін, уайымын жақсы түсінетінің де, содан шығар. Мереке қарсаңында өзіңе ізгі лебізімді жеткізгім келді. Ақтауда қызмет етіп жүргеніңде менің балама көрсеткен қолдауың үшін, қанатын талдырмай, жігерлендіргенің үшін рахмет! Осыдан кейін ұлым көп өзгерді. Жақсы жағына! Бұл менің саған деген аналық алғысым!»

Қатал қоғам, немқұрайлы жандар, бауырдың бауырға деген безбүйректігі. Осындай жайттар айналаңда жиі көрініс тауып жатқанда кісінің кісіге көрсетер ерекше мейірімін аңсайтынымыз шындық… Бірақ дәл сондай адами қарым-қатынас қатаң талап, темірдей тәртіп орныққан қылмыстық атқару жүйесі секілді мекемелерде бар екен деп күтпейтініміз тағы бар. Бірақ, мына хаттан байқағанымыздай, ол мүмкін екен.

Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі штабы бас маманы әділет полковнигі Альмира Мақсатқызы мереке қарсаңында Ақтаудан ватсап арқылы келген құттықтау лебізі – өзі үшін ең үлкен сый болғанын айтады. Оған осындай мәндегі хабарламалар ара-тұра үлкен мерекелерде келіп тұрады екен.

 – Бұған дейін қылмыстық атқару жүйесінің пробация қызметінде жұмыс істедім ғой. Елордада, Ақтау қаласында еңбек еттім. Өмір болған соң түрлі тағдыр иелерін кездестіретінің заңдылық. Әсіресе, жаза басып жаза жаза арқалағандармен жұмыс жүргізетін осы салада небір жайтқа еріксіз куә боласың. Жалпы өмірде түсінгенім, кез келген адам өзін тыңдата алғысы келеді, өз жайын біреудің түсінгенін қалайды екен. Мейлі дәл сол сәтте оның әлеуметтік жағдайы қандай болса да, әркімге қоғамдағы орнын білу – аса маңызды ғой. Мен үнемі осындай ұстаныммен жұмыс жүргіздім. Пробация қызметінде жүріп, ол қандай қылмыс жасаса да, дәл сол сәтте қандай жаза арқалаған жан болса да, алдымен адами факторға назар аударатынмын. Кейін соным үшін алғыс айтқандар көп болды, — дейді Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі штабы бас маманы әділет полковнигі Альмира Мақсатқызы.

Жалпы бостандығынан айырмайтын жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын шартты жазаға босаған сотталушыны бақылап және тексеріп қана қоймай, оған еркін өмірге бейімделуге, жұмысқа орналасуына, білім алуына көмектесу – пробация қызметкерлерінің міндеті. Альмира Мақсатқызының әңгімесінен байқағанымыз, байқаусызда сүрінген жандар, мейлі қылмысты біліп тұрып жасағандар болса да, қолдауға мұқтаж болады екен.

2008 жылы осы саладағы қызметін Ақтөбе қаласындағы полиция департаментінде жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторы болып бастаған Альмира Мақсатқызы 2011 жылы жедел басқару орталығында аға инспектор, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы осындай орталықта қызмет атқарған. Одан кейін Ақтау қаласында қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пробация бөлімінің бастығы болып еңбек еткен. Қазір Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі штабы бас маманы әділет полковнигі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.