Диас әкесінің тілегі үшін өзін рухани мықты болуға үндеді

0 355

Үштаев Диас Сламханұлы 1998 жылдың  16 маусымында Тараз қаласында туған.

Орта мектепті тәмамдаған соң  2016 жылы Шырақбек Қабылдаев атындағы Қостанай академиясына түседі. Оқу ордасын бітіргеннен кейін 2020 жылы ЖД158/4 мекемесіне бірден жасақ бастығы қызметке кіріседі. Қайсар мінезді ұлын нақ осы салаға лайық санайтын әкесі ұлын әрдайым жігерлі, батыл болуға тәрбиеледі. Спортқа баулыды. Күндерін таңертең ерте тұрып жүгіруден бастап, арқан тарту, асық ату, садақ ату сынды ұлттық спортқа үйреткен асқар тауынан 2014 жылы қапыда айырылып қалады. Жүрегі қан жылап, қанаты қайрылған құстай болған Диас бірақ әкесінің тілегі үшін өзін рухани мықты болуға үндеді. Анасына қамқор боп, қолдау көрсетуді өзінің перзенттік парызы санады.

Сол кездегі әкесінің «осы салада жемісті еңбек етіп, елінің елеулі азаматы болуың керек» деген асыл арманын жүзеге асыру жолында талмай, жемісті еңбек етіп келеді. Мамандығына деген сүйіспеншілігі, әке арманы, Отан алдындағы қасиетті борышы, анасының артқан үміті —  бүгінде бір арнаға тоғысқан Диасты артынан ерген інісі үлгі тұтады, өз қатарластарына мақтан етеді екен. Қысылғанда арқа сүйер ағасынан ақыл сұрап, анасымен алдағы жоспарын бөлісіп отырады. Отан қорғаушылар мерекесінде әкесінің басына барып құран бағыштау, гүл қою бұл отбасының айнымас үрдісіне айналған. Бұл күні аналары арқа сүйер ұландарына, қара нардай болған қамқоршыларына міндетті түрде сыйлығын дайындап отырады.

«Мен үшін бұдан асқан сыйлық жоқ! Анамның жүзіндегі мейірім шуағы мен риясыз күлкісі мені шексіз бақытқа бөлейді», дейді Диас. Қызметінде адал, Отан алдындағы парызын мінсіз орындап жүрген жасақ бастығы Диас Сламханұлына  деген әріптестерінің құрметі шексіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.