Жас қызметкерлер ант қабылдады

0 39

Биылғы жыл елімізде айтулы даталарға толы. Ел егемендігін алғаннан кейінгі аралықта құрылған түрлі құрылымдар ағымдағы жылы 3 онжылдықты артқа тастады.  Мәселен, Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл. Ішкі істер органдары бүгінде еліміздің дамуының барлық кезеңдерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес, азаматтардың Конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнінде Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін табысты орындап келеді. Мерейлі мерейтой қарсаңында Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты  ЖД-158/4 мекемесінің жас қызметкерлері ант қабылдады.

Жуалы ауданындағы халық қаһарманы,  батыр Б. Момышұлының мемориальдық музейінде өткен ант қабылдау рәсімінде осы саланы таңдап, қызметтің қызығы мен қиыншылығын келешекте қатар көтеруге даярмыз деген  әділет лейтенанты Асыл Әуен, әділет кіші сержанттары  Ләззат Көпбаева, Арман Ботабаев, Шахислам Нұртаев және әділет қатардағы қызметкері Ақназар Мырзабай өз қызметін мінсіз атқаруға ант берді.

Қазақстан полициясы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі екенін ескерсек, осындай жігерлі жастардың тәртіп сақшылары қатарын толықтыра түсуі көңілге қуаныш ұялатады. Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына сенімі арта берері сөзсіз.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.