Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 3 наурызда «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826-шы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл құжатта «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін», – деп айтылған. Осыған орай , аудан әкімі Ернар Есіркепов бекітілген кестеге сай Құмарық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Аудан басшысы аталған округке жұмыс сапары барысында жергілікті әлеуметтік нысандарды көріп, пилоттық жоба негізінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Кездесуде ауыл тұрғындары Қаракемер елді мекенінің жолы, көше жарығы, интернет желісіне халықтың қолжетімділігін арттыру, таудан келетін ағын суды пайдалану секілді мәселелерді көтерді. Аудан басшысы кездесу соңынан ауыл тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады. Ернар Серікәліұлы қойылған сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын және қордаланған мәселелер тиісті сала басшыларына жолданып, әр сауал жеке бақылауында болатынын жеткізді.
Дәл осындай халықпен кездесу Көгершін және Көкдөнен ауылдық округінде де өтті. Көкдөнен ауылында өткен кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан Жақсылық елді мекеніндегі жаяу жүргіншілерге арналған көпірді жөндеу, аталған ауылға спорт кешені мен мәдениет үйін салу, жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер телімдеріне инфрақұрылым тарту, орталық көшеге бейнебақылау орнату сынды мәселелер көтеріліп, тиісті жауаптар берілді. Кездесу соңынан аудан басшысы ауыл тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады. Ал Көгершін ауылында өткен кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан таза ауыз сумен қамту, мал жайылымы, жұмыссыздық, бала-бақшаны кеңейту мәселелері көтеріліп, қойылған сауалдарға тиісті жауаптар берілді. Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы қойылған сауалдар мен өтініштердің барлығы хаттамаға жазылып, мәселенің шешілу жолдары өзінің жеке бақылауында болатынын жеткізді.