Шекарашылар күніне орай Бауыржан Момышұлы атындағы шекара бөлімшесінде сақшылары мен ардагерлеріне арналған мерекелік шара өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Оған аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков және аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің «Застава тарландары» ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қошан Жайлауұлы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл ауданы бойынша Шекара басқармасының бастығы подполковник Ділмұрат Абдрахманов пен Бауыржан Момышұлы және Ақсуат шекара бөлімшелерінің шекара сақшылары қатысты.
Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының көтерілуі мен Әнұранның шырқалуымен басталды. Әрі қарай аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы шекара сарбаздары мен ардагерлерін кәсіби мейрамдарымен құттықтай отырып, үздік сарбаздарды марапаттады.
Мерекелік іс-шарада аудандық мәслихаттың хатшысы, Ауған соғысының ардагері Ерғали Өтемісұлы да жас сақшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, игі тілегін жетізді. Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл ауданы бойынша Шекара басқармасының бастығы подполковник Ділмұрат Абдрахманов мерекемен барша шекарашыларды құттықтап, аудан әкімі Жалғас Мұртазаға арнайы мерекелік медаль табыстады.
Іс-шара барысында сақшылардың жұмысымен танысу үшін «Әскердегі бір күн» атты акция ұйымдастырылды. Акцияға ауданнан 50 жуық азамат қатысты. Оның басты мақсаты – жастардың патриоттық сезімін оятып, отан алдындағы борышын өтеуге талпындыру, улкен мәртебеге екенін айта отырып,отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Азаматтарымыз Бауыржан Момышұлы шекара бөлімшесінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Іс-шараның соңында шекара сақшылары аудан әкімі мен орынбасарына, аудандық мәслихаттың хатшысы мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлеріне ұйымдастырылған мерекелік концерт үшін өз алғыстарын білдірді.
Мерекелік шара аудан әкімінің бас инспекторы, запастағы майор Бақытгүл Хасенқызының сақшылармен болашақ сарбаздарға арналған «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» атты тәрбиелік сағатымен аяқталды.