Жазушы, журналист, «Інжу-маржан» қаламгер қыздар клубының мүшесі Қамар Қарасаеваның «Тәтті мұң» деп аталатын алғашқы жинағы жарық көрді. Кітаптың тұсаукесер рәсімі «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Кешті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасерікова ашып, авторды алғашқы кітабының жарыққа шығуымен құттықтады. Кітаптың лентасын ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызы мен «Aulieata media» ЖШС Бас директоры Оралхан Дәуіт қиды. 🔹Кеш барысында Қамардың авторлық өлеңдерінен «Анаға тағзым» орталығының «Ана тілі» шешендік өнері үйірмесінің шәкірттері поэзиялық композиция орындады. Сондай-ақ, әріптесі, ақын Шапағат Әбдір арнау өлеңін айтты. Кеш барысында автордың өлеңдерімен қатар, прозаларына да кезек берілді. «Тәтті мұң», «Ғажайып күй» эллегияларынан үзінді оқылды.
Бұл жинаққа жазушының он шақты өлеңдері мен бірқатар әңгімелері және «Айнымас болмыс» тақырыбындағы повесті енген. Шығармаларының тақырыбына әлеуметтік мәселелерді арқау етіпті. Түрлі бұралаң тағдырлар суреттелген туындыларының бәрінде де автор оқырманға салмақты ой салуды көздейді. Сондықтан, кітабының атын «Тәтті мұң» деп атағанын айтады.