Тұрар Рысқұлов ауданының  әкімі үш бірдей ауылдық округ тұрғындарымен кездесті

0 6

Тұрар Рысқұлов ауданының  басшысы Ернар Серікәліұлы үш бірдей округке ат басын тіреді. Аудан әкімі Мемлекет басшысының ағымдағы жылдың 3 наурызындағы Жарлығына сәйкес, алғаш болып Ақыртөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жалпы биыл ауданда атқарылған жұмыстар ауқымды. Оны бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарынан, қамбаға құйылған астықтың көп мөлшерінен анық аңғаруға болады. Иә, биыл табиғат тосын мінез танытып, былтырғыдай әуре сарсаңға салған жоқ. Шүкір! Өткен жылы әр гектардан азын-аулақ астық алған дихандар биыл мол табысқа кенелді. Ауданның жалпы көрсеткіші де жаман емес. Пайыздық мөлшерлемемен алатын болсақ, биыл тұрарлық дихандардың көрсеткіші 120 пайызға жетеғабыл. Яғни, ауданның ауылшаруашылығы бойынша көрсеткіші аймақ деңгейінде бірінші орынға лайық деп бағаланып отыр. Ал екінші орынды көршілес жатқан шулықтар иемденіпті. Аты аталған екі ауданның жетістігі облыс көрсеткішінің оң болуына айтарлықтай әсер еткен.

Бұл туралы аудан әкімі Ақыртөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу барысында айтып, жиылған көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. Сондай-ақ, аудан басшысы тұрғындарды тұрғын үймен қамту жоспарымен бөлісіп, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауылдық округтерде 14 үйдің салынып, оның жартысына жуығы үлестірілгенін айтты. Қысқаша өзге де мәліметтерді баяндаған аудан басшысы кезекті «сұрақ-жауап» форматына беріп, тұрғындардың өтінішіне назар салды. Негізінен ақыртөбеліктерді толғандыратын мәселелер көп емес екен. Бірақ, аз болса да, бізге салмағы зіл боп көрінді. Соның бірі – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолы. Өздеріңіз білетіндей, аталмыш автодәліз халықаралық деңгейдегі жол. Сол жол бүгінде ауыл халқына айтарлықтай қиындық туғызуда. Жүйіткіп жүретін көліктер талай рет адамды да, төрт түлікті де қағыпты. «Тыйым салған аумақта төрт түлік неге жүр?» деген сауал санаңызға бірден оралған болар. Жауап берейік, ендеше. Тұрғындардың басқалай амалы да жоқ. Өйткені, мал өтетін өткел қыс мезгілінде я болмаса жауын-шашын орын алғанда суға толып кетеді екен. Осы олқылықтан әбден қажыған тұрғындар «аспалы көпір соғылса…» деген тілегін аудан әкіміне жеткізді. Аудан басшысы көп кідірген жоқ. Бірден мәселенің анығын жеткізу үшін жауап беруге кірісті. – Автомагистральға қатысты мәселемен жақын таныспын. Бірақ біз бір нәрсені түсінгеніміз абзал. Бұл – халықаралық деңгейдегі жол. Оған қатысты мәселелер бірнеше елдің араласуымен шешілетіні айтпаса да белгілі. Сондықтан да бұл мәселенің аудандық не болмаса облыстық деңгейде шешілуі мүмкін емес.

Дегенмен, қол қусырып қарап отырмаймыз. Қолдан келген қарекетті жасап, жайлы жағдай орнатуға тырысамыз. Алдағы уақытта өткелдерді судан тазарту жұмыстарын жүргізуді қолға алу керек, – деді Ернар Серікәліұлы. Жиында жыр болған ауыз су мәселесі де көтерілді. Теміржол суына тәуелді болып отырған ауыл жаңа құбырдан су ішуді армандайтындарын да жасырмады. Бұл туралы аудан басшысы елдімекенді сумен қамту жобасы бас жоспарда барын айтып, сәл сабырлық сақтауды сұранды. Жиында Малдыбайға мектеп және балалар алаңын соғу, теміржол астына өткел орнату, жол салу, көше жарығын жаңалау сынды мәселелер көтерілді. Түс ауа аудан басшысы Қайыңды ауылдық округіне барды. Онда да тұрғындар ауылға апаратын жолд ы ж ө н д е у , о к р у г к е қ а р а с т ы Мамайқайыңды мен Сөгетіге ауыз су апару, баспанаға қол жеткізу, тау суы мүмкіндіктерін молынан қолдану сынды мәселелерді көтерді. Ал тереңөзектіктердің тілегі тіптен бөлек болды. Көгілдір отыны, ауыз суы, көше жолы қалыпқа келген ауыл тұрғындарының ендігі арманы – спорт кешені. Бүгінгінің өзінде ақылы үйірмелерге қатысатын бүлдіршіндер мен жасөспірімдер байрақты бәсекелерде топ жарып, ел мерейін үстем етіп жүр екен.

Бұл туралы ауыл тұрғындары толғана сөйледі. Сондай-ақ, Тереңөзек тұрғындары ұялы байланыс жүйесін жақсартуды өтінді. Ернар Серікәліұлы қойылған сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында шешімін табатынын және қордаланған мәселелер өз деңгейінде жүргізілетінін жеткізді. Айта кетейік, әрбір жиындардың соңына қарай аудан басшысы үш округтің тұрғындарын да жеке-жеке қабылдады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.