Полицияның әлеуетін арттыру – ортақ міндет

0 3

Жалпы биыл ауданда жол көлік оқиғасы жиілеген. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш едәуір артып отыр. Статистиканы сөйлететін болсақ… Ағымдағы жылдың соңғы тоғыз айында 85 жол көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан пайыздық көрсеткіш 16,4 %-ға өскен. Бұл – бір. Екіншіден, қайтыс болғандардың да саны көңіл қуантпайды. Жалпы орын алған оқиғаларда 21 адам көз жұмып, өткен жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш те 50 пайызға артқан. Ал жарақат алғандар саны – 165. Бұл санда өспесе, кемімеген. Пайыздық көрсеткіші – 19,6 %-ға өсіп тұр. Жол көлік оқиғаларына сәт сайын талдау жүргізіліп отырады. Соның нәтижесінде төмендегідей ақпараттар анықталған. Мәселен, жаяу жүргіншіні қағып кету 19 рет орын алса, 28 көлік аударылған.

Тұрған көлікке соқтығысу фактісі екеу болса, автомобильдер 16 рет бір бағытта соқтығысқан. Үшіншіден, 49 жүргізуші жылдамдықты асыру кесірінен жол көлік оқиғасы орын алса, 12 оқиғада жол қозғалысының ережесі өрескел бұзылған. Сондай-ақ, 3 оқиға кезінде жүргізушілер көлікті алкагольдік ішімдікті ішіп, басқарған. Аталмыш мәліметтерді Қоғамдық кеңестің отырысында аудандық полиция бөлімінің басшысы Шалқар Дәулетқұлов баяндап берді. Шалқар Аяпбергенұлы өз сөзінде аталмыш олқылықтың орнын толтыру мақсатында құқық қорғау бөлімінде тоқсаннан астам қызметкер аянбай еңбек етіп жатқанын айтты.

Тоғыз айдың ішінде аудан аумағында «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Борышкер – 2022», «Қаупсіз жол», «Абайлаңыз, балалар!», «Мотокөлік», «Балалардың қауіпсіздігі» сынды алдын алу іс-шаралары өткізіліп, олар қылмыс пен басқа да құқық бұзушылықтарды болдырмауға өзіндік септігін тигізді. Орын алған қылмыстар мен жол көлік оқиғаларына талдау жасалды, – деген бөлім басшысы атқарылған өзге де жұмыстарды баяндап берді. Басшы баяндамасында мал ұрлығы да сөз болып, жедел іздестіру нәтижесінде 30 бас төрт түлік өз иелеріне қайтарылғанын айтты. Дәл осындай жетістіктер полиция бөлімінің есебінде көп кездеседі. Соңғы тоғыз айда қылмыс санының төмендеуі де соның айқын айғағы. Отырыс төрағасы да жиында біздің сөзімізді растады. – Шалқар Аяпбергенұлының басшы болып отырғанына да көп болған жоқ. Небәрі екі апта уақыт болды.

Оның алдында төрт айдай басшының міндетін атқарды. Соған қарамастан көрсеткіштерді зерделей отырып, «жақсы» деген баға беруге болады. Біздің мақсат – бөлімнің жұмысын сынау емес, ақиқатын айтып, бағыт-бағдар беру. Бұл біздің – ортақ міндетіміз, – деп құқық қорғау саласының жұмысына өзіндік баға берді. Жиында полиция бөлімінің басшысына кеңес мүшелерінің тарапынан бірнеше сұрақтар қойылды. Оған Шалқар Аяпбергенұлы нақты жауаптар беріп, ақпараттардың шындыққа жанасатынын я болмаса жанаспайтынын ашық айтты. Жарыссөз кезеңінде мінбеге кеңес мүшелері Доғдыралы Үрпеков, Ертіс Тұғылшиев және Рахманалы Әбдіқадіров шығып, құқық қорғау саласында орын алып жатқан бірқатар олқылықтарды жіпке тізді.

Олар бақылау камерасы, мал ұрлығы, «Луговой-Қорағаты» тас жолымен жүретін ауыр жүк көліктері, жаңадан пайдалануға берілген полиция бекеті туралы сөз қозғады. Жиын соңында кеңес төрағасы Шорабек Атабаев бірқатар бөлім басшыларына тапсырмалар беріп, полиция қызметкерлерін тұрғын үймен, қажетті құрал-жабдықтармен қамту үшін бюджеттен қаржы қарастыру керектігін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.