Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №58 мекемесінің сотталған азаматтарының арасында футболдан жарыс өткізілді. Аяқдоп жарысына 7 жасақ қатысып, өзара бақ сынасты. Наурыз мерекесі қарсаңында өткен спорттық сайыста жазасын өтеушілер алаңда сап түзеп, командаларға бөлінді. Қақпаға әртүрлі әдіспен тоғытылған голдар көрермендердің делебесін қоздырды. Теңбіл доп сайысында жан баласын жанына жақындатпайтын жүйріктер мен қақпаға қалқан бола білген қақпашылар да ойын көрігін қыздыра түсуімен өздерінің бұл ойында осал екмес екендіктерін айшықтай түсті.
Бұқаралық спорт түрлерін дамыту, сонымен бірге сотталғандарға салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған аяқдоп аламанында жарысқа белсене қатысып, әдемі ойын өрнегін көрсете білгендерге №58 мекеменің басшылық құрамы алғыс білдірді.
Халқымыз «Шынықсаң, шымыр боласың» деп тегін айтпаған. Дене шынықтыру мен спорт – тек ұлт саулығының кепілі ғана емес, көпшілікті рухани тәрбиелеудегі ең маңызды құралдардың бірі. Осыған орай, «түрме әкімшілігінің ең бірінші кезектегі міндеті – барлық сотталғандарды спортпен шұғылдануға барынша тарту, қолайлы спорт және дене шынықтыру бағытында шаралар ұйымдастыру», дейді жауаптылар.