«Анаға тағзым» орталығының қызметкерлері «Дағдарыс» орталығындағы нәзік жандыларға қолдау көрсетті

0 7

«Анаға тағзым» орталығының қызметкерлері «Мейірім» акциясы аясында Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына барып, тұрмыста теперіш көрген әйелдердің өз-өзіне деген сенімділіктерін нығайтып, болашаққа деген ойларын жетілдіру мақсатында қолдау білдіріп қайтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Орталықтың бет әрлеу және тырнақ жөндеу курстарының жетекшілері отбасылық тұрмыста зорлық көрген әйелдерді әдемілік әлеміне жетелеп, түрлендіріп жіберді. Мейірім акциясына осы курста оқып жүрген көпбалалы аналар, қыз-келіншектер де атсалысты. Шеберлеріміз көз жасы құрғамаған аналардың сырт келбетін әрлесе, орталық психологы тұлғалық даму тақырыбында тренинг өткізіп, жан сұлулылықтарының да артуына сеп болды.

Кейінгі уақытта отбасында зорлық-зомбылық көріп, бас сауғалаған әйелдер саны күрт өсті. Тұрмыстық қатынаста және өмірдің қиын жағдайына түскен нәрестелі келіншектер, жүкті әйелдер мен сәбилі аналарды «Дағдарыс» орталығы паналатуда. Мәселен, өткен жылы 208 қызмет алушы тіркелсе, оның 57- і әйел азаматтар. Биылғы үш айдың қорытындысымен 57 адам, яғни 15 әйел балаларымен көмекке жүгініп отыр.

Қос орталық арасындағы әріптестік байланыс бұдан әрі нығая түспек. Тағдыр тәлкегіне тап болып, онда орналасқан әйелдер «Анаға тағзым» орталығында түрлі курстар бойынша білім алып, өз кәсіптерін ашуға немесе екі қолға бір күрек табуға мүмкіндік алуда. Өмірде түрлі тағдыр иесі бар, әркім тек жақсылықтан үміт етеді. Сондықтан, қос тарап бірлесіп оларды жігерлендіріп, алдағы өмірлеріне жол сілтер шамшырақ болуға ниетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.