«Анаға тағзым» орталығы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Тараз сервис және технология колледжінде «Мейірім» акциясымен «Біздің елдің жігіттері» тақырыбында іс-шара ұйымдастырды. Оған Тараз қаласындағы №85-395 әскери бөлімшесінің сарбаздары арнайы шақыртылды.
Әскер қатарына жаңадан алынған 120 сарбазды алда келе жатқан мерекемен құттықтап, орталықтың түрлі үйірме қатысушылары шағын концерттік бағдарлама ұсынды. Олар ән салып, би билеп, күмбірлетіп күй тартып, көңілдерін бір серпілтті. Ал, Береке» аспаздық курсына қатысушы көп балалы аналар пісіріп апарған бауырсақтары мен бәліштерін таратты.
Кешке арнайы барып, сарбаздармен кездескен ардақты әжелер мен асыл аналар ыстық ықыласқа толы ақжарма тілектерін арнады. Атап айтсақ, облыстық ардагерлер кеңесі аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова, орынбасары Нұргүл Оспанбекова, профессор, ф.ғ.к. Сейсекул Исматова, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ғайни Әлімбеккызы. Бір-бір шаңырақтың үмітін арқалап келген жас қырандар ертең-ақ ел қорғайтын нағыз азамат боп үйлеріне оралуларына аналар қауымы шын тілектестік білдірді.
Жігіттердің туған үйлерінен алыстап, аналарының аялы алақанын, қолдан пісірілген тәтті-дәмді тағамдарын сағынып қалғандары көрініп ақ тұр. Оларға үйдің жылулығын, аналардың мейірімін сыйлап, сағыныштарын басуды көздеген мақсат орындалды деуге болады. Әрі аналардың берген ақ батасы, мейірімі, дарынды бүлдіршіндердің өнері, үйдің бауырсағы жас сарбаздардың көңілдерін толқытып, рухын асқақтатты.