«Қарызсыз қоғам»: 6 мыңнан астам адам қаржылық сауаттылық сабағынан өтті

0 6
«AMANAT» партиясы Halyk Bank және «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығымен бірге жүзеге асырып келе жатқан «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылықты арттыру жобасының аралық қорытындысы шығарылды. Жоба аясында 6 мыңнан астам отандасымыз оқудан өтті.
«Ұлы дала» қауымдастығының президенті Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, оқыту бағдарламасы ауыл тұрғындарының қажетін ескере отырып әзірленді. Отандастарымыздың қаржылық сауатын арттыруға атсалысып жатқан сарапшылар қаржы мәселесі қалай пайда болатынын, дәл қазіргі уақыттағы несие қарызының санын қалай азайтудың қандай жолдары бар екенін, алаяқтықтардың әрекетін қалай анықтауға болатынын және қаржы пирамидасынан қалай аулақ болу керек екенін түсіндіруде.
«Қаржылық сауат әр адамға қажет. Жоба аясында берілетін білім өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етіп, ертеңгі күнге деген сенімді нығайтады. Оқуға әлеуметтік мәртебесі мен материалдық жағдайы әртүрлі адамдар келеді. Біз ауыл тұрғындарын, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді, дәл қазіргі уақытта қарызы бар және төлем жасау мерзімін өткізіп алған азаматтарды, сондай-ақ несие қарызы бар және борышкерлер тізімінде тұрған жандарды оқытамыз», – деді А.Бекмұрзаева.
Спикер қаржы мамандарының дәрісімен қатар, оқу процесіне қатысушыларға заңгерлік көмек көрсетілетініне кепілдік берілетінін айтты. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша тәжірибелік кеңес береді.
Оқыту жұмысы Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстары сынды еліміздің сегіз өңірінде жүргізілуде. Бүгінде бас-аяғы 6120 адам оқыту курсынан өтті.
Жобаға қатысушылардың 69,4%-ның несиесі бар. Сондай-ақ, 46,8% адамның ай сайынғы төлемі – 100 мың теңгеден төмен, ал 9,5% қатысушы 90 күннен астам уақыт төлем жасау мерзімін өткізіп алды.
Өз кезегінде, Halyk Bank-тың Астана филиалының директоры Жанар Рахимова «Қарызсыз қоғам» жобасының негізгі мақсаты ертеңгі ел экономикасын қалыптастыратын бүгінгі жастар үшін мемлекетте қаржылық білім беру жүйесін құру екенін атап өтті.
«Жасыратыны жоқ, көп отандасымыз қаржыны қалай басқару керек екенін, «несие» ұғымының астарында не жатқанын нақты біле бермейді. Соның салдарынан, қаржылық сауаты төмен адамдар қарызға белшесінен батып жатады. Сондықтан еліміздің жетекші банкі ретінде «Қарызсыз қоғам» жобасы біз үшін өте маңызды. Айта кетейік, өңірлердегі қызметкерлеріміз оқу процесіне белсенді араласып жатыр. Олар дәріс оқып, өз тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сұрағына жауап беруде», – деді ол.
Leave A Reply

Your email address will not be published.