Аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмахановтың төрағалығымен Сарысу ауданындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес отырысы өтті.
Жиынға кеңес мүшелері, аудандағы үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Жиында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнұр Алтынбекова 2023 жылдың І жартыжылдығындағы аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің үкіметтік емес ұйымдармен атқарылған жұмысы туралы хабарлама жасады.
Ауданда қазіргі таңда 26 үкіметтік емес ұйым тіркеуде тұр. Олардың 20-і қоғамдық бірлестік, 2-і қоғамдық бірлестік филиалы, 4-і қоғамдық қорлар болып табылады. Олардың 13-сі белсенді, 8-і қызметін уақытша тоқтатқан, 5-і белсенділік танытпай отыр.
Қоғамдық бірлестік мүшелерінің қатысуымен жыл басынан бері 17 іс-шара өткізілген. Әкімдік тарапынан құрылған жұмысшы топтардың құрамына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кеңінен тартылған.
Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік тапсырыс шеңберінде экономикалық, құқықтық, мәдени және т.б. салалардың қарқынды дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Ауданда үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, яғни қаржыландыру жұмыстары 2013 жылдан бастау алған. 2021 жылы 8968,0 млн теңгеден (7 жоба) 2022 жылы 12,5 млн теңгеден (7 жоба) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылған.
2023 жылдың 28 наурыз күні мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 4 лот жарияланды. Бөлінген қаржы — 6 млн 500 мың теңге.
2 лот бойынша жеңімпаз анықталып, келісім -шарт жасалды.
Аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі Сарысу ауданы маслихаттың 2023 жылдың 24 мамардағы №3-2 шешіміне сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіне қосымша 1 млн 500 мың теңге қаржы қарастырды.
Үкіметтік емес ұйымдармен өзара жұмыс үнемі аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бақылауында.
Бұдан кейін ағымдағы жылы «Халықтың әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтарына арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсыну» бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қанат Тілеубаев баяндады.
Жиын барысында кеңес мүшелері сөз сөйлеп, үкіметтік емес ұйымдармен атқарылған жұмыстарға байланысты өз ойларын ортаға салды. Алдағы уақыттағы үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктері, өзекті мәселелері талқыланып, ұсыныстар айтылды.
Айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер хаттамаланып, іс-шаралар жоспарына енгізілді.
Кеңес отырысын аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Нұрғалиұлы қорытындылап, алдағы жұмыстарға байланысты бірқатар тапсырмалар берді.