«Саялы өлкем – Сарысуым» атты мәдениет және өнер фестивалі бастау алды

0 58

Сарысу ауданы Саудакент ауылында тарихы тереңнен тамыр тартқан, шежірелі 95 жылдық мерейтойы аясында әр апта сайын өтетін «Саялы өлкем – Сарысуым» атты мәдениет және өнер фестивалінің ашылуы болды.

Айтулы өнер кешіне аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, фестивалдің ашылуымен құттықтады.

—Әрбір елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Біздің Сарысу өңірі өнер қонған киелі өлке. Бұл өлкеден талай өнер қайраткерлері түлеп ұшқан. Біз атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлы, ақын Майкөт Сандыбайұлы, күйші Мәді Шәутиев, опера әншісі Амангелді Сембин, кино және театр актері Асанәлі Әшімов, сазгер Илья Жақанов, ақын Тынышбай Рақымов, әнші Сәуле Жанпейісова сияқты көптеген өнер қайраткерлерімен мақтанамыз. Төлеу Үшқоңыров, Тоғай Тұңғатов, Ынтымақ Шералиев сияқты жергілікті сазгерлер әсем де әуезді әндерімен елдің жүрегін баурады. Осындай әр өлкеден шыққан таланттарды танытатын өнер фестивалінің беретіні көп, — деген аудан басшысы биылғы ауданымыздың 95 жылдық мерейтойын толайым табыстармен, жақсы жетістіктермен,қарсы алуға тілектестігін білдірді.

Биыл туғанына 180 жыл толып отырған, ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлының балалық шағынан сыр шертетін көрініспен басталған концерттік бағдарламада ауыл өнерпаздары мың бұрала би билеп, жан жадыратар әндер шырқады.

Сарысу ауданы жастарының ұйымдастыруымен көрермендерге арналған викториналық ойындар өткізілді.

Шара барысында спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарды аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы марапаттады.

Алыстағы ағайын мен жақындағы жекжаттың, өнерді сүйетін қауымның басын қосатын, көпшілікке ерекше әсер сыйлаған өнер фестивалі апта сайын жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлайтын болады.

Мерекелік кеш одан әрі ән шырқап, бұрала билеген, қазақ ертегілерінен үзінді қойылым қойған қатысушылардың әсем өнерлеріне жалғасты.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.