Құмөзекте асарлатып үй берілді

0 14

Өскелең-ұрпақ ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізді ұмытпау үшін, жанды жадыратар істерді ұлықтап, дәріптеп жүргеніміз абзал.  Қазақ атамыз «Көп түкірсе — көл», «Жұмыла көтерген — жүк жеңіл» деп, елдің бірігуі арқылы, мұқтаж жандарға көмек көрсетуді  ілкімді іс санаған.  Соңғы жылдары «Асарлатып үй салу»  жобасы ауданда қызу қолға алынған болатын. Осы тұрғыда Республика күні мерекесінде ауданымыздың  Құмөзек ауылындағы 1 отбасына  аталмыш жоба аясында баспана берілді.

Игі шараға аудан әкімі Әлихан Балқыбеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов арнайы барып,  аталмыш жобаның мән-маңызына тоқталып,  қоныс иесіне қоныстың жайлы болуын тіледі. Содан соң жаңа қоныстың лентасын қиып, кілті баспана иесіне табыс етілді.

Сөз кезегінде  ауыл ағасы Дүйсен Құрманқұлов «Асар дәстүрінің ұмыт қалмағанын және бұл жобаның арқасында ауылдың бірлігі мен ынтымағының күшейе түскенін айтып, қоныс иелеріне  ақжарма тілегін айтып, батасын берді.

Үй иесі, ауыл тұрғыны Мейрамбек Донгулов «Асарлатып үй салу»  жобасының ауыл азаматтарына пайдасы мол екенін тілге тиек ете келе, асарлатып үй салуға көмек  берген барша ауыл тұрғындарына зор алғысын айтты.

Айта кетсек, үй иесі үйдің іргетасын қалап бастағанда, тоқтап тұрған істі көрген  ауыл ақсақалдары мен тұрғындары ұжымдасып, ұмыт болған асар дәстүрімен көмек қолын созып, бірі кірпішін тасыса, бірі үй шатырын жабуға көмектескен. Шарапаты мол шараға округ әкімшілігі де атсалысқан.

Негізінен асарлатып салынып жатқан үйлер әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға ауыл тұрғындарының, кәсіпкерлердің демеушілігі, ақсақалдар мен жастардың және округ әкімінің көмегімен жүргізілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.