Қарасу ауылдық округіндегі шешімін таппай келген өзекті мәселелердің бірі – ауыз су еді. Ел тілегін елеусіз қалдырмаған жергілікті билік өкілдері бұл іске қолдау көрсетіп, өткен жылы ауылда ауыз су жүйесінің құрылысы бастау алған болатын. Міне, араға бір жыл салып, елді мекен тұрғындарының көптен күткен арманы орындалды. Нақтырақ айтсақ, Қарасу ауылында қомақты қаржы бөлінген су құбырының құрылысы толық аяқталып, халыққа пайдалануға берілді. Су құбырының салтанатты түрде ашылуына аудан әкімі Бегзат Болатбеков арнайы қатысып, қарасулықтарды қуаныштарымен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтуды тапсырған еді. Бұл бағытта соңғы жылдары ауданда ауыл халқын әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтуға бағытталған атаулы бағдарламалар жүзеге асырылыпүг келеді, соның ішінде сапалы ауыз сумен жабдықтау да бар. Өткен жылдан бастап 17 мыңнан астам халқы бар Қарасу, Сарыбұлақ, Ноғайбай, Степное және Қайнар ауылдарының ауыз су жүйесінің құрылысына қаржы бөлініп, су құбырларын жаңғыру жұмыстары жүруде. Міне, бүгін 2022 жылы құрылыс жұмыстары басталған Қарасу ауылының ауыз су жүйесін мердігер мекеме «Тараз-Строй-2004» ЖШС өз жұмыстарын тыңғылықты жасап, ауыл халқына қуаныш сыйлап отыр. Бұған дейін болған су мұнарасының тозығы жетіп, құбырлар ескіріп, ауыз судың сапасы да төмендеген. Енді міне, ауылға жаңа магистральді құбыр жүргізіліп, заманауи су мұнарасы бой көтерді.ү Салынған су құбыры ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп, су мәселесінің шешілуіне септігін тигізері сөзсіз,-деді аудан басшысы.
Бүгінгі таңда елді мекендегі 100 үй жаңа ауыз су жүйесіне қосылып үлгерген. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін Бегзат Сейсенқұлұлы ауылдағы үйлердің біріне арнайы кіріп, сапалы судың келіп тұрғанына көз жеткізді. Үй иесі Николай Новиков үйіне ауыз су келгеніне дән риза. «Судың таза болғаны денсаулыққа да жақсы ғой. Бұрын тозығы жеткен құбырлардан келетін судың сапасына алаңдайтын едік. Міне, енді үйімізге сапалы ауыз су тартылып, тіршілігіміздің мәні енді кіргендей болып отырмыз. Осындай игі іс жасалғанына алғысымыз шексіз»,-дейді ол.
Жалпы биыл Қарасу ауылында жүзеге асқан тындырымды тірлік көп. Мәселен, Елорда күні қарсаңында 90 орындық мәдениет үйі ашылды, тамыз айында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жаңа спорттық-сауықтыруұ кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауылда 300 орындық мектептің құрылысы жүруде. Осындай жарқын бастамалар тек Қарасу ауылында ғана емес, алдағы уақытта барлық елді мекендерде жалғасын табатынына сенім мол.