Қордай ауданына қарасты Қарасай ауылының әлеуметтік ахуалы жақсарып келеді . Бүгінде ауылда спорт кешені мен 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр,- деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Тоқсаныншы жылдары тоз-тозы шыққан Қарасай елді-мекенінің бүгінде тұрмысы тіктелген. Қазір ауыл көшелері тегістеліп, әлеуметтік нысандар жөнге келтірілді. Бүгінде Қарасайда зәулім спорт кешені бой көтере бастап, 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы қарқын алды.
Ауылға пайдасы тигізер істе қарасайлықтар бір жұдырықтай әрекет жасайды. Ауыл жастары Қарасай батыр ескерткішінің маңына жаңа қырлы тас төселіп, орындықтар орнатылып, көшеттер егуге ат салысуда.
— Біздің ауылға жоғары жақтан көп көңіл бөлініп келеді. Ауыл инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды. Күзгі абаттандыру екіайлығында «Алмалы» саябағына көшеттер отырғыздық, батыр бабамыздың ескерткішінің айналасы жөнге келтірілуде, осыған демеу көрсеткен жандарға алғыс айтамын. Осы жерде қоғамдық жұмысшылардың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Күннің ыстығы, суығына қарамастан еңбек етеді. Олардың көмегімен ауылдағы тазалық сақталса, олар жұмыспен қамтылуда. Ендігі арманымыз орта жолда қалып қойған тас жолдың құрылысы аяқталса, — дейді ауылдық округ әкімі Күлжахан Елемесова.
Ауылдағы әлеуметтік нысанның бірі «Жаниет» жекеменшік балабақшасы. Мұнда бүлдіршіндерге жақсы көңіл бөлінеді. Ғимарат іші керемет безендірілген, мұнтаздай тазалық, кіре берісте бүгінгі ас мәзірі ілініп қойған.
— Жұмыс істегенімізге бес жыл болды. Іргесін күйеуіміз екеуміз қалаған едік, өкінішке орай жан жарым дүниеден озды. Әрине, өте қиын болды. Бірақ, бар күшімді салып, бастаған іске көп көңіл бөлдім. Осыған менің қызметкерлерім көмектеседі. Біз аспаз, тәрбиеші, қарауыл деп бөлініп отырмаймыз. Бәріміз бірге әрекет етеміз. Мәселен, мерекелік іс-шараларда барлығымыз жабылып балақайлардың көңілін көтереміз, —дейді кәсіпкер, алты баланың анасы Бегайым Мырзакерімқызы.
Жақында кәсіпкер мектепалды білім беретін қосымша топ ашпақшы. Осыған арналып жаңа ғимарат салынуда. Бұл жерде 4-5 жасар балақайларға білім мен тәрбие беріледі деп жоспарлануда.