Елді –мекендердің инфрақұрылымы жақсарып келеді

0 9

Талас ауданына қарасты елді-мекендердің инфрақұрылымы жылдан жылға жақсарып келеді. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандарды жөндеуден өткізу мен су тапшылығының алдын алу жұмыстары да басты назарда.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес аудан, ауыл әкімдері тұрғындармен кездесіп, көпшіліктің мәселелерін тыңдауда. Соның бірі Талас ауданы, Ақкөл ауылында өтті. Округ тұрғындарымен кездескен Нұрбол Жүнісбеков бірнеше мәселені назарға алып, сұрақтарға жауап берді. Жиын барысында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Досболат Туғанбаев Ақкөл орта мектебін және «Қарлығаш» балабақшасын күрделі жөндеуден өткізуге, ауылға газ тарту жұмыстарын сапалы жүргізуге қатысты сауалдарын қойды.
Көтерілген мәселеге қатысты Нұрбол Әбдімәжитұлы:
-Орта мектепті жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленді тиісті орындарға бюджеттік өтінім берілді. Қолдау тапса құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады.
Ауылға газ құбырын тарту тұрақты бақылауда. Ішкі квартал жұмыстарын қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Бір айта кететін мәселе, үйге көгілдір отынды кіргізу үшін алдымен баспананың құжаттарын ретке келтіріп алу қажет. Сондықтан, бұл шаруада ұқыптылық танытыңыздар,-деді. Сонымен қатар ауылдағы балабақшаны жөндеуден өткізу туралы тұрғындардың өтініш-тілегіне аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов жауап берді.
-Қазір округте 2 мен 6 жастағы бала саны артты. Соған байланысты мекемедегі тәрбиеленушілер санын 25 балаға көбейту туралы ұсыныс берілді. Бұл мәселені нақтылап жатырмыз. Ал тиісті құжаттар реттелсе, жөндеу жұмыстарын бастаймыз,-деген білім бөлімінің басшысы көтерілген талап-тілектердің назарда болатындығын жеткізді.
Одан бөлек жиында ағын су тапшылығына байланысты, Ақкөл су қоймасындағы су қорын толтырып алу жайы тыңдалды. Ауыл тұрғыны Ауданбек Ерубай көлге суды Айтақ каналы арқылы тартудың тиімсіз екенін, тікелей Билікөлден су салса ұтымды болатындығын алға тартты.
-Ұсынысыңызды зерделеп көрейік. Жалпы реті келіп жатса, барлық көздер арқылы суды Ақкөлге салуға тырысамыз. Қазір Сұлтан каналында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр,-деген аудан әкімі мәселенің тұрақты бақылауда екенін айтты.
Өз кезегінде аудандық мәслихаттың депутаты Ғалым Қартабаев тұрғындарды жұмыс жасауға шақырып, ауылдың орталығында орналас¬қан ғимараттарды сақтап қалуға қатысты ұсынысын білдірді.
Нұрбол Жүнісбеков жергілікті тұрғындарымен кездесу алдында Тамды өзеніне жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты.
Ерте көктемде өзен суы ауыл арасын жалғап жатқан көлік жолы көпіріне қауіп төндірген болатын. Қазір алдын алу жұмыстары басталып, тиісті деңгейде атқарылып жатыр. Құрылысты «Яса» ЖШС-гі жүргізуде. Сәтін салса екі аптаның көлемінде аяқталады деп жоспарлануда.

Бақылауда ұстауды тапсырған аудан әкімі  ауылдық клубта тұрғындармен кездесіп көтерілген мәселеге назар аударды.
-Мұның алдында өткен кездесуде жастарға арналған күрес залын ашу туралы айтқан едіңіздер. Қазір нысанның жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Тиісті шешімін табатын болады. Сонымен қатар интернет желісіне қосып отырған операторлармен хабарластық. Қазір Теле 2 4G байланысын қосқандығын жеткізді. Сондай-ақ, Мыңшұқыр, Алтынкөл каналдарын механикалық тазалау жұмысын жүргізу бойынша тиісті құжаттамалар әзірленді. Қаражат бөлінсе, жұмысты биылдан қалдырмаймыз,-деген Нұрбол Жүнісбеков  бағыттағы жұмыстардың жалғасатындығын айтты.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі: -«Ауыл аманаты» жобасына осы жылға Ойық, Аққұм, Бостандық, Берікқара және Ақкөл ауылдық округтары еніп отыр. Келер жылы Тамды ауылын да қамту жоспарда бар. Мұндай мүмкіндік бола бермейді,-деді.

 

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.