ҚР Үкіметінің 29.01.2024 жылғы №44 қаулысымен Тараз қаласының жаңа бас жоспары бекітілді. Жобаны «Колдау» (Астана қ.) сәулет-қала құрылысы фирмасы әзірледі. Ол өз жұмысын осы салада топо-геодезиялық қызмет көрсетуден бастап, қала құрылысында 30 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Оның есебiнде республиканың бірталай қалалары мен кенттерiнiң бас жоспарлары мен егжей-тегжейлi жоспарлау жобалары бар.
Бас жоспарды жасақтау ҚР Құрметті сәулетшісі, өткен ғасырдың 90 жылдарындағы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласының бас сәулетшісі, Жамбыл облысының таяу уақытқа дейінгі бас сәулетшісі қызметтерін атқарған Асқар Рыспаевтың ұйытқысымен мазмұнды ой-тұжырымдамаларының негізінде іске асты. Ол бүгін астаналық «Колдау» фирмасын бас сәулетші ретінде өзін таныстырады. Сондықтан да оның Тараз қаласының барлық мәселелерінен хабардар болуы әрине таң қалдырмайды.
— Сәулетшілердің екі санаты бар, — деп бастады өзінің әңгімесін Асқар Мақшанұлы. Сәулетші-көлемші жобалаушылар тұрғын үйлерді, сауда орталықтарын, театрларды және тағы басқа да жеке ғимараттарды жобалайды, ал қала құрылысшылары болса, қоныстандыру жүйелерімен, елді мекендердің, тұрғын аудандардың бас жоспарларымен айналыса отырып, жаһандық ауқымда жұмыс істейді.
Қаланың бас жоспары — есептi мерзiмге қаланың даму болашағын айқындайтын негiзгi қала құрылысы құжаты. Бұл — қаланың даму стратегиясы. Өйткені қалалар көп ғасырлар бойы өмір сүріп келеді және ұзақ уақыт бойы одан әрі дамитын болады. Сондықтан есептiк мерзiмнен тыс қалаларды дамыту үшiн едәуiр аумақтар резервке қойылады және олардың неғұрлым алдағы алыс уақытқа өсуiнiң басты бағыттары айқындалады.
Бас жоспардың негізгі мақсаты — қаланы орнықты дамыту және әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, кеңістіктік, қала құрылысы міндеттерін кешенді шешуді және дамудың қазіргі заманғы үрдістерінің ерекшеліктерін ескере отырып, заманға сай қаланы дамытуға негізделген қазіргі халық пен болашақ ұрпақ үшін қолайлы тыныс-тіршілік ортасын қалыптастыру. Бас жоспарларды әзірлеу ¬ жай ғана сән емес, маңызды қажеттілік.
Тәуелсіздік монументі, Астана шағын ауданы. Авторлары: сәулетші Асқар Рыспаев,
мүсінші Аманат Назарқұл. 2016 жыл.
— Ал жаңа бас жоспарды әзірлеуге қандай алғышарттар түрткіледі?
— Тараз қаласына арналған соңғы бас жоспарды «Урбостиль» Алматылық жобалау фирмасы 2007 жылы әзірлеген болатын. Содан бері 15 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында орталық базардың орнында қолданыстағы бас жоспардың жобасында көзделген өзекті тұжырымдамалық ерекшеліктері сақталмай «Көне Тараз» этно-мәдени кешені пайда болды. Сондай-ақ қала аумағына іргелес жатқан әкімшілік аудандардың кейбір елді мекендерінің жоспарланбай кіруіне әкеп соққан бұзушылықтар, сонымен қатар, соңғы жылдары халық санының айтарлықтай өсуі және басқа да осындай себептер 2010 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Тараз қаласын дамыту жөніндегі бас жоспарын түзетуге мәжбүр етті.
Тараз қаласының бас жоспары
— Жаңа жобаға сәйкес қала қалай дамиды?
— Тараз қаласының бас жоспарын дамытудың жалпы тұжырымдамасы басқа бағыттардағы қала құрылысына шектеулерді ескере отырып, солтүстік-шығыс (Алматы) бағытқа бағдарланған, өйткені батыста — әуежай, оңтүстікте — мемлекеттік шекара, солтүстік-батыста — өнеркәсіптік аймақ орналасқан. Жаңа жобаға сәйкес, қалаға Жамбыл (117555 га) және Байзақ (1492,5 га) аудандарының 14 елді мекені және 2 саяжай аумағы (Дорожник, Новоджамбулец) енеді. Қала аумағы қазір — 18 787 га құраса, жоба негізінде — 31 693,7 га дейін ұлғаятын болады.
Бүгінде қаланың тұрғын үй құрылысы аумағының басым бөлігі 85,5% жеке түрғын-үй құрылысынан тұрады, бұл қала құрылысының экстенсивті даму сипатын көрсетеді. Қарапайым сөзбен айтқанда, сырт көзге біздің қала үлкен ауыл болып көрінеді.
Айтылған сөзге дәлелдің қажеттілігі керек болса, жақын арада ғана қалыптасқан «Коне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің орталық өзегінің төңірегіне мұқият қарасаңыз, көп ғасырлық даму үдерісі кезінде келбеті көріксіз жеке үйлердің жүйесіз қалыптасқан құрылысын көресіз. Қала тұрғындарын, әсіресе оның қонақтарын Алматы мен Шымкент бағытындағы кіреберіс қақпаларының жағдайы аса қатты қуантпайды. Мәселе мынада, әр адам қала туралы алғашқы өшпес әсерді оның негізгі қақпасына кіре берісте сана сезімінде қалыптасады. Өкінішке орай, мұндай қақпалар ескі үйлердің ұсқынсыз көріністері мен сауда және басқа да қызмет көрсету нысандарының кездейсоқ, жүйесіз құрылыстары бар Жамбыл және Тәуке хан даңғылдары болып табылады.
— Ежелгі шаһардың тарихи орталықтарының заманауи келбеті қандай болмақ?
— Сәулеттік келбетін жақсарту, халықтың тыныс-тіршілігіне жайлы орта құру және орнықты даму үшін, сондай-ақ оның қала қонақтары мен туристерге тартымдылығына қол жеткізу үшін жасақталған жоба «Коне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің айналасында, жөндеу жұмыстары шеңберінде іргелес жатқан кеңістікке үйлесімді, сонымен қатар орта ғасырлық қаланың өзіндік ортасын қалпына келтіру мақсатында шығыстық стильде қызмет көрсету нысандарымен ұштасқан екі қабаттан аспайтын тұрғын үйлер салуды ұсынады. Қаланың тарихи құндылығын ұтымды пайдалану қажеттілігін ескере отырып, Бектұрғанов және Пушкин көшелерінің шекарасында «Шахристан» кешеніне солтүстіктен іргелес жатқан шаһардың Әулие-Ата даму кезеңіндегі қала құрылысының фрагментін қосу жобада орын алды. Бұл тарихи аймақ бүкiл жүйенiң өзегiн құрап, одан әрі ежелден қалыптасқан радиалдық жүйе негізінде негiзгi магистральдар бойынша қаланың сыртқы шекарасына дейiнгі байланыстар тарайтын болады.
Қаланың сан ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи мұрасын шаһар тұрғындары мен қонақтары әсерлі қабылдауына және тартымдылығын арттыру мақсатында, ерекше қорғалатын аймақ шегінде, іргелес орналасқан мәдени мұра нысандары, бірінші кезекте Сүлейманов көшесі бойындағы «Орта ғасырлық Төрткүл» керуен-сарайы, сондай-ақ Қали Жүніс — 19 ғасырдағы шаруашылық-тұрмыстық сәулет ескерткіші төңірегін қоғамдық бақтар ұйымдастыру үшін әртүрлі ретсіз ғимараттардан тазарту арқылы жүзеге асатын болады. Қаланың орта ғасырлық қала құрылысы мәдениетінің орталығы ретіндегі тарихи-мәдени ерекшеліктерін барынша сақтай отырып, ортақ пайдаланылатын ашық көгалдандырылған аумақтар жүйесін дамыта отырып, шың басында Тектұрмас және Мәмбет батыр кесенелері орналасқан қасиетті аймақ серуендеу жолдары арқылы Талас өзенінің жағалауына қаптарласып салынып жатқан этно-тарихи, табиғи-ландшафтық кешенмен қосылатын болады. Ең бастысы, жобада демалушылар мен туристерге ыңғайлы болуы үшін «Коне Тараз» бірегей кешенін Тектұрмас табиғи-ландшафтық кешенімен байланыстыратын аспалы жолының құрылысы қарастырылуда.
— Қала аумағының кеңеюіне не себептер әсер етті?
— Қала iрi өнеркәсiптiк, қаржы-экономикалық және мәдени-тарихи орталық ретiнде белсендi дамып келедi, сонымен қатар халықтың туылуы мен өмiр сүру ұзақтығын арттыруға ықпал ететiн қолайлы әлеуметтiк-экономикалық жағдайларға ие болуда. Қаланың тұрақты өсуі жалғасуда және соңғы 10 жылда тұрақты өсімге ие болды. Табиғи және механикалық өсімнің нақты көрсеткіштері мен болжамын талдау негізінде, сондай-ақ Тараз қаласының әкімшілік шекараларының аумақтық өзгерістеріне байланысты жобалау кезеңдері бойынша қала халқының болашақтағы санын есептеу жүргізілді: 2022 жыл — жалпыға бірдей халық санағының қорытындысы бойынша — 422,8 мың адамды құрады. Болжам бойынша құрылыстың 1-кезегі саналатын 2029 жылға — 484,0 мың адам санымен белгіленсе, есептік мерзімге (2040 ж.) қалаға қосылатын аумақтарды есепке алғанда — 573,0 мың адамды құрайтын болады.
Бұдан басқа, Тараз қаласы халқының саны 400 мың адамға жетуiне байланысты «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заң негiзiнде жобада қаланы екi әкiмшiлiк ауданға бөлу ұсынылды. Құрылыстың бірінші кезегіне бұрынан жасақталған 14 егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын игеру ескерілді. Есептік мерзімге қала аумағының шамадан тыс жайылмауын болдырмау мақсатында ескі тұрғын үйлерді жаңартуды көздейтін шынайы тәсіл қолданылды.
Қаланың экстенсивті дамуы (сандық ұлғаюымен, өзгеруімен, дамуымен байланысты) энергия үнемдеу және энергия тұтыну мәселелерін күрт шиеленістіреді. Көгалдандырылған кеңiстiктермен бiрге қайта жаңарту кезiнде ақылға қонымды тығыздыққа қол жеткiзу — инженерлiк инфрақұрылым мен жол желiсiне арналған қаржылық шығыстарды едәуiр азайтуы, жаңа аумақтарды игеру мерзімдерін қысқартуы әбден мүмкiн.
Ескі тұрғын үйлерді бұзудың жалпы көлемі — 942,9 мың м2 құрайды. Қайта жөндеу аймақтарындағы құрылыс қолайлы және орта жасақтаумен қалыптасқан жағдайдың ауқымдылығын сақтай отырып, 5 қабаттан аспайтын тұрғын үй құрылысымен қамтылатын болады. Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелері негізінен қаланың оңтүстік бөлігінде орналастыру көзделген.
— Болашақ қала құрылысы ерекшіліктері мен пайда болатын нысандар қаланың келбетін өзгертуге қаншалықты ықпалын тигізеді?
— Алматы мен Шымкент бағытынан кіру қақпасы ешқандай сынға төтеп бере алмайтынын атап өткенімдей, бұл кемшіліктерді жою үшін жобада Жамбыл даңғылының оңтүстік жағынан барлық инфрақұрылыммен (мектептер, балабақшалар және т.б. нысандармен) қамтылған орамдық құрылыс, ал солтүстік жағынан экрандық құрылыс шарасын ұйымдастыру ұсынылады. Қонаев көшесінің солтүстік жағы орамды, ал оңтүстік жағы экрандық құрылыс қағидаты бойынша салынады. Ал Асқаров көшесі Жамбыл даңғылынан бастап медициналық мекемелер кешеніне дейінгі аралық толық инфрақұрылымымен жабдықталған орта қабатты тұрғын үй құрылысымен қамтылады. Осы ұсыныстарды іске асыру кезінде қаланың басты көшелері кеңістікті шынайы қабылдауға қолайлы әсер ете отырып, қазіргі заманғы сәулет қағидаларына сәйкес келетін болады. Алматы бағытынан қалаға кiреберiсте бос жатқан аумаққа 16-20 қабатты зәулім үйлер салынған, қазiргi заманның талабына сай, заманауи тұрғын ауданын орналасуы әркімге ерекше әсер беретіні сөзсіз.
Сондай-ақ, жобада осы жаңа тұрғын алқапта магистральді көшенің бойынан 10 мың орынға арналған Олимпиадалық резерв стадионының құрылысы ұсынылады. «Мамыр тоғайы» жанында біршама кеңейтілетін аумаққа Бокс клубы мен стадионның құрылысы орналастыру көзделеді. Талас өзенінің сол жағалауындағы қалаға қосылатын аймақтың солтүстік бөлігінде 24 га құрайтын аумаққа студенттік қалашық (кампус) орналасады. Алматы жағынан және Шымкент бағыттарынан кіре беріс тұстарында қала көшесінде ауыр жүк көліктерінің үлесін азайтуды қамтамасыз ететін ірі көлік-логистикалық орталықтарды орналастыру жоспарлануда.
Құрылыстың жалпы келбеті тұтастай алғанда климаттық, орографиялық ерекшеліктерді, жергілікті өмір сүру салтын және туристік тартымдылығын, сондай-ақ азаматтардың жайлы өмір сүру ортасын ескере отырып, елміздің оңтүстік қалаларына тән сәулеттік негізін дамыту тұжырымдамасымен байланыстырылатын болады. Жаңа тұрғын үй құрылысы солтүстік-шығыс бағытта шоғырланатын болады және әрбір жоспарлау ауданында халыққа қызмет көрсету орталықтары қалыптасқан орта қабатты құрылыс, көпсалалы тұрғын-үй кешенімен қамтылатын болады.
Қаланың тұрғын үй қоры 2022 жылы — 8691,8 мың м2 жетіп, қамтамасыз етілуі бір адамға шаққанда -19,2 м2 құрады. Тұрғын үй қоры есептік мерзімнің соңына қарай — 15471,0 мың м2 құрайтын болады. Жаңадан салынатын тұрғын үй құрылысы -7722,1 мың м2 құраса, құрылыстың бірінші кезегіне — 3643,9 мың м2 тұрғын үй салынуы жоспарлануда. Бұл ретте бірінші кезекте, тұрғын үймен қамтамасыз ету бір адамға шаққанда 25,0 м2, ал есептік мерзімге — бір адамға 27,0 м2 құрайтын болады.
Қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемелерде барлығы 68 500 орын бар болса, 2040 жылы бұл көрсеткішті 195 000 орынға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Жалпы білім беретін мекемелерде орындар саны 286 810 құрайды, есептік мерзімге бұл көрсеткіш 480 000 орын деңгейінде жоспарлануда.
Денсаулық сақтау саласында 2022 жылы аурухана төсектерінің саны 11 495 болса, 20240 жылы 23 400 төсекке дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Емханаларда қызмет көрсету қазіргі кезеңде бір ауысымда 26 980 келушіні құрайды, есептік мерзімде бір ауысымда 63 901 келушіні қамту жоспарланған.
Бас жоспар сондай-ақ мемлекеттік емес қызмет көрсету нысандарын, жаңа әлеуметтік-экономикалық және қала құрылысы жағдайларын ескере отырып, әлеуметтік саланы да дамытуды көздейді.
— Қаланың көгалдандырылған кеңістігін ұйымдастыру жүйесінде айтарлықтай қандай өзгерістер күтуге болады?
— Тәңірдің қалауымен қала аумағы арқылы өтетін жеті арнаны табиғаттың ерекше сыйы деуге әбден болады. Жобада біз бұл мүмкіндікті жіберіп алған жоқпыз. Қаланың суару жүйесінің негізін құрайтын арналар қаланы көше-жол желісімен сәйкес келмейтін дербес ортогональдық жүйемен қиып өтеді. Бұл бізге, қоғамдық орталықтар мен тораптардың қалыптасуын сүйемелдей отырып, магистральдардың негізін құрайтын арналармен қиылысатын жерлерінде демалуға арналған аймақтардың ерекше жүйесін: терренкурлар, денсаулық соқпақтары, жаттығу және ойын элементтерімен қамтылған орындарды қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Талас өзенінің қалаға жанасқан барлық ұзындығы бойынша рекреациялық аймақтарды орналастыру, ал салынып жатқан 14-ші шағын ауданға қарама-қарсы балалардың ойын-сауық, спорттық, қоғамдық тамақтану орындарымен және су мотоциклдері мен қайықтарды жалға беру пункттерімен, сауықтыру орталығымен, автотұрақтармен, шағын футболға, баскетболға арналған алаңдармен, бұқаралық іс-шаралар, қонақ үй кешені, аквапарк және т.б қажетті мүмкіншіліктер қарастырылған.
Қаланың көгалдандырылған кеңiстiктерiн ұйымдастыру жүйесi тұтастай мынадай негiзгi қағидаттарға бағынады: жалпы пайдаланудағы барлық жасыл желектердi барынша сақтау, жобаланатын жаңа тұрғын аудандарды көгалдандыру, өнеркәсiптiк кәсiпорындардың санитариялық-қорғаныш аймақтары аумағында жаңа қорғаныш орман белдеулерiн отырғызу. Өкінішке орай, қазіргі уақытта өнеркәсіптік аймақтан санитарлық-қорғаныш орман белдеулерінің басым бөлігі суару және күтіп-баптау жұмыстарының жоқтығынан күйзеліске ұшыраған. Сондықтан солтүстiк-батыс өнеркәсiп аймағының санитарлық-қорғау аймағын қала маңындағы жасыл белдеудiң орман қорғау белдеулерiмен бiрiктiру арқылы едәуiр ұлғайту көзделiп отыр.
«Мамыр тоғайының» қазіргі аумағы кеңейтіліп, стадион, бокс клубы орналастырылатын болады. Бұдан басқа, жобада жаңа саябақ аймақтарын ұйымдастыру көзделген: оңтүстік-батыс жоспарлау ауданында — «Кешенді спорттық ойын-сауық паркі», солтүстік-шығыстағы көп қабатты кешенде — «Отбасылық парк», сондай-ақ Талас шағын ауданына қарсы жағажай және демалыс аймағы бар «Зербулак» ойын-сауық паркі қарастырылмақ.
Әл-Фараби көшесінің біржақты қозғалысының жүру бөлігі аралығындағы қолданыстағы жасыл желекті Сейфулин көшесінен Төле көшесіне дейінгі аралықты желілік бульвар ретінде пайдалану ұсынылып, сонымен қатар қолданыстағы көшеттерді сақтай отырып, ағаш және бұта тұқымдыларының жаңа сәндік топтарын отырғызу ұсынылады.
Жұмысын тоқтатқан кәріз жүйесінің Бурыл бағытындағы сүзгілеу алаңдарының аумағы бастапқыда орман питомнигі ретінде пайдаланылатын болса, кейінен белгілі бір мерзім өткен жағдайда және санитарлық талаптарға сай келген кезде қалалық Дендропаркқа айналдыру жоспарланған.
— Егер қала өсетін болса, көшелер де, жолдар да кеңейе ме?
— Қала құрылысы тек белгіленген эстетикалық талаптармен ғана байланысты бола алмайды — оның мәні төрт функцияны қамтиды: тұрғын үй, еңбек, демалыс және көлік. Соңғы функция алғашқы үш функцияны біріктіреді. Тараз қаласы ірі көлік артерияларының қиылысында орналасқан, оның аумағы арқылы магистральдық темір жол, республикалық маңызы бар Алматы-Шымкент автожолы өтеді. Қала аумағы темір жол магистралімен екі бөлікке бөлінген. Олардың арасындағы автожол байланыстары көп жағдайда Жібек жолы көшесіндегі жол өтпесі арқылы ғана жүзеге асырылады. Абай көшесі арқылы өтетін теміржол өткелі қауіпсіздік мақсатында бұрыннан жабық. Айта кету керек, көлiк қатынасының жеткiлiктi шамасы болмау себебiнен қаланың оңтүстiк бөлiгi дамымай қалды. Сондықтан жобада Абай көшесінде екі жол өтпесі, бірі аталған теміржол магистралі арқылы болса, екіншісі көшенің басы жаңа 14 шағын ауданнын жалғайтын теміржол тармақтары арқылы қарастырылған. Жоспарлау құрылымын дамытуда Абай мен Жамбыл даңғылдарының орта ғасырлық жүйесінің барлық әлеуетін пайдалана отырып, жаңа тиімді радиалды-жартылай айналма жүйені барынша жасау мақсатында Лермонтов, Әл-Фараби, Аппасова көшелері бойымен Қойшыбеков көшесіне дейін, одан әрі солтүстік-шығысқа қарай айналма автожолға дейін қосу көзделеді.
Көлік қозғалысын жақсарту үшін Жамбыл даңғылы Қонаев көшесінің қиылысында Комратов көшесімен, ал Байзақ батыр көшесі Бектұрғанов көшесімен қосылатын болады. Қазыбек би көшесі Жамбыл даңғылынан Қаратай Тұрысов көшесіне дейінгі аралық Қарасу өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі автомобиль жолына ауыстыру қарастылады. Талас өзеніндегі Тектұрмас көпірі Кірпіш алабы арқылы Ақбұлым кентін айналып өтіп, Алматы бағытындағы тас жолға тарту арқылы толық қанды жұмыс істейтін болады, бұл ретте аталған көпірден Жібек жолы көшесіне дейінгі жол жеке сектордағы тұрғын үйлерді бұзу арқылы кеңейтіледі. Кеңейтілетін Ташкент көшесі Мамыр тоғайы мен жобаланатын спорт ғимараттарына жақсы көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, Балуан Шолақ көшесіне дейін тесіледі. Қаланың аумақтық даму тізбегі оңтүстік және солтүстік жағынан айналма жолмен қоршалып, басқа жолдармен қиылысатын тұстарында көлік айрықтары салынады.
— Тараз қаласының инженерлік жүйесінің дамуы қандай болмақ?
— Тараз қаласында жылу желілері жүйесі толыққанды дамыған. Орталық, Солтүстік және Батыс аудандардың аумағы бойынша шоғырланған жаңа көп қабатты құрылыс аудандарына жылу беру негізгі жылу жүйелерін қайта жаңарту қажеттілігін ескере отырып, қолданыстағы тарату желілері бойынша жүзеге асыру жоспарланып отыр. Солтүстік-Шығыс ауданының жаңа құрылыс ауданына жылу беру, тұрғын үй және қоғамдық құрылыстардың жылу жүктемесін уақтылы қамтамасыз ету мақсатында ТЭЦ-4 жылу орталығынан жаңа жылу желілерінің озық құрылысын салу талап етіледі.
Тараз қаласын газбен үздіксіз жабдықтауды бірінші кезекте, сондай-ақ құрылыстың есепті мерзімінде қамтамасыз ету үшін қолданыстағы газ тарату станцияларын (АГТС) кеңейту және жаңа газ тарату станцияларын салу қажет, олар Қазақстан Республикасының нормативтік құжаттарына сәйкес Тараз қаласының қала шекарасынан тыс орналасатын болады.
Қосылатын елді мекендерді ескерсек, Тараз қаласы үшін су тұтыну мен сарқынды судың ағынының жиынтық болжамды есептік көлемі, есептік мерзімге (2040 жыл) — тәулігіне 104 000 м3 құрайтын болады. Сонымен қатар, ұзындығы 94 км, диаметрі 200-1000 мм су құбыры желілерін, 60,5 км кәріз желілерін, 2 дана кәріз насосты станциясы КНС салу қажеттілігі туындайды.
Өкінішке қарай, әлі күнге дейін сарқынды сулардың тазарту қондырғылары болмауы және кәріз желілерінің қанағаттанарлықсыз жай-күйі адамдардың денсаулығына қауіп төндіреді. Қаланың сарқынды сулары алдын ала тазартылмай сүзу алаңдарына ағызылады. Салдарынан сүзу алаңына түсетін жүктеме рұқсат етілген нормадан алты есе асады. Бұл жағдайлар топырақ пен жер асты суларының жай-күйiне терiс әсерiн тигiзетіні айдан анық.
Тараз қаласының Бас жоспарын түзету арқылы өнімділігі тәулігіне 175 000 текше метр тазарту құрылыстарын салу көзделіп отыр. Сондықтан қалалық тазарту қондырғыларын салу мәселесін үкіметтік деңгейде шешіп, Республикалық бюджеттен қаржыландырылуы қажет.
Қаланы электрмен жабдықтау жүйесiн талдау негізінде 35-110 кВ қосалқы станцияларының жартысына жуығы қызмет ету мерзiмi 30 жыл және одан астам уақыт өткеніне байланысты олардың негiзгi жабдықтары моральдық және физикалық жағынан ескiргендiгiн көрсеттi. Электр желілерінің бір бөлігі 90-шы жылдары салынған. Бірінші кезекке және есептік кезеңге қаланың болашақта электр жүктемелерін қамтамасыз ету Жамбыл ГРЭС есебінен, сондай-ақ есептік кезеңге станцияның қуатын 120 МВт-қа дейін жеткізу үшін жаңғыртуды қажет ететін қолданыстағы ТЭЦ-4 есебінен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Қаланың шығыс бөлiгiнде есептi мерзiмге көп қабатты үйлерi бар шағын аудандарды салу жоспарланып отырған жаңа аудандарды электрмен жабдықтау үшiн 110/10 кВ жабық үлгiдегi жаңа шағын станция салу ұсынылады, өйткенi ол шағын станция тұрғын аймақта орналасатын болады.
— Қала тұрғындарын оның экологиялық жағдайы қатты алаңдататыны құпия емес. Бұл мәселені қалай шешуге болады?
— Қаланың негізгі экологиялық проблемалары — атмосфералық ауаның автокөлікпен ластануы, кәріздік тазарту құрылыстарының болмауы және «Қазфосфат» өндірісінің жылдар бойы жинақталған қалдықтары.
Жамбыл облысы бойынша тіркелген ескі автомобильдердің көп болуын атмосфералық ауаның ластану проблемасы деп санауға болады. Егер пайдалану мерзiмi 3 жылға дейiнгi жаңа машиналар паркi республика бойынша 11.95% -ды құраса, онда Жамбыл облысы бар болғаны 4.06% -ды құрайды. Ал облыстағы жеңіл көліктің негізгі бөлігі (83.7%) 10 жастан асқан, негізінен бензинді пайдаланады, ал газбалонды отынды автокөліктің тек 0,05% пайдаланады.
«Қазфосфат» мекемесінің өндіріс қалдықтарының үйінділерін Тараз қаласының визит карточкасы деп атауға болады. «Қазфосфат» ЖШС мәліметінше, қазіргі уақытта Тараз-Аса бағытындағы өндірістік аймақ арқылы өтетін қалалық трассаның екі жағында орналасқан екі үйіндіде 14 миллион тонна фосфогипс шоғырланған. Қазір кәсіпорынның алдында өндіріс қалдықтарын (фосфогипс) жинақтау емес, қордағы көлемді қысқарту және қоршаған ортаға әсерін азайту үшін іске асыру жолдарын іздеу міндеті тұр. Фосфогипс өте жақсы меллиорант болып табылатыны белгілі. Онда тұзды топыраққа құнарлылықты қайтаруға мүмкіндік беретін фосфаттар мен қышқылдардың қалдық мөлшері бар. Фосфогипсті сату көлемін ұлғайту керек, цемент өндіретін басқа ұйымдарға оның тұтынушыларымен — фермерлермен жұмыс істеу қажет, бірақ проблема логистика мәселесіне тіреледі. Жобаның бас инженері Иван Комаровтың пікірінше, қалыптасқан жағдайды шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне топырақ құнарлылығын қалпына келтіру үшін фосфогипсті пайдалануға субсидиялар енгізу қажет. Бұл әзірге мәселенің жалғыз шешімі. Сонда үйінділер де азаяды, ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімі де артады.
— Өнеркәсіптік аймақтарды қалыптастырудың ерекшелігі қандай?
— Химия өнеркәсібі фосфорит кен орындарын игеруге негізделген жетекші мамандануы болып табылатын Тараздың ірі индустриялық орталығы. Бұдан басқа, металлургия және машина жасау өнеркәсібі елеулі экономикалық құраушы болып табылады. Жергілікті өнеркәсіптің облыс үшін маңызы зор. «Тараз» индустриялық аймағы айтарлықтай дамиды, бас жоспарда химия, машина жасау, құрылыс өнеркәсібін дамытуға бағдарланған жаңа өндірістерді ұйымдастыруға өнеркәсіптік аймақты 500 гектарға кеңейту көзделген. Индустриялық аймақты дамыту 1200 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Бұл ретте, қала басшылығына алдағы уақытта индустриялық аймақ құрылысының жобасын әзірлеуді ұсынамын, өйткені сонда ғана кіреберіс жолдары мен жарығы жоқ, жер учаскелері тиімсіз пайдаланылып қараусыз қалған кәсіпорындар мен өнеркәсіптік аймақтар жоғары технологиялық және экологиялық өндірістері бар қаланың қазіргі заманғы талабына сай аудандарына айналатынына кәміл сенемін.
ПОШ өнеркәсіптік аймағы болашақта елеулі жаңғыртуға ұшырайды. Оның аумағында шоғырланған едәуір санитариялық-қорғаныш нормаларына сай емес бірқатар өндірістік қуаттарды «Тараз» индустриялық аймағының аумағына көшіру ұсынылады, бұл өз кезегінде қаланың экологиялық ахуалын тұрақтандыруға ықпал ететіні анық.
— Бас жоспар жобасы бойынша шығармашылық процесс қалай ұйымдастырылды?
— Бас жоспарды әзірлеу көп жағдайда экономистерге, олардың халықтың алдағы уақыттағы саны, тұрғын үй қорының саны, жаңа аумақтардың алаңын анықтау бойынша жасалатын есептеріне байланысты. Бұл, ең алдымен, тәжірибе, эрудиция, білім, ғылымға сүйену және олардың негізінде қала құраушы базаға (кәсіпорындардың, әлеуметтік мәдени-тұрмыстық объектілердің саны мен қуаты және т.б.) халық санының өсуі бойынша нақты сандарды шығаруға болады. Мұндай маңызды жұмыс жоғары білікті, экономика ғылымдарының кандидаттары, бас экономистер Анна Әблеева мен Бақыт Ақтымбаеваның зор күш-жігерінің арқасында жүзеге асырылды. Осыдан кейін қала құрылысшылары ғылыми кеңесші, сәулет ғылымының кандидаты Құралай Ибрагимовамен бірлесе отырып, қолданыстағы жағдайдың мұқият әзірленген жоспарының, нұсқалық схемалар жасау арқылы барлық жоспарлы шектеулердің негізінде неғұрлым оңтайлы және үнемді шешімді айқындады. Осыдан кейін ғана инженерлер сумен жабдықтау көздерінің жобалық қуатын, магистральдық құбырлардың диаметрін есептеп, жылу электр станцияларының, кәріздік сарқынды су алаңдарының ресурстары жететінін анықтады.
Көлік мамандары сәулетші-қала құрылысшылары Анжела Осокинамен, Зәуреш Қайрақбаевамен бірге қоғамдық көліктің жаңа түрлерін, сонымен қатар автобус станцияларын дамытуды және тағы басқаларын ұсына отырып, жаңа жолдар мен жол өткелдерін, қаланы айналып өтетін жүк транспортына арналған трассаларының қозғалысын және олардың қарқындылығы бойынша магистральдардың жіктелуін анықтады. Сонымен қатар экологтар қала атмосферасындағы ғана емес, судағы, топырақтағы зиянды қоспалардың дәрежесiн есептей отырып, сондай-ақ қаладан шығаруды, өндiрiстi қайта жаңартуды, қорғау шараларын қолдануды талап ететiн кәсiпорындардың тiзiмiн жасай отырып, қоршаған ортаға тигізетін әсерiне баға беріп, ластану радиустарын анықтады.
Қаланың бас жоспарларын жасаушылар ұжымы — бұл ғылыми жобалаушылар, экономистер, көлік мамандары, инженерлер, экологтар, топырақ зерттеушілер, гидрогеологтар мен геологтар, төтенше жағдайлар жөніндегі мамандар, картографтар мен топографтар, геоақпараттық жүйелердің инженерлері, олар орындалған ондаған схемалар мен сызбалар және түсіндірме жазбалардың томдары. Бас жоспар жобасын әзірлеуге қаланың бұрынғы бас сәулетшілері Алмасбек Бобеев, Арман Әбдешев белсене атсалысқанын атап өткім келеді. Ал қазіргі қаланың бас сәулетші міндетін атқарып отырған Дина Раманқұловаға жұмыс барысында туындаған түрлі мәселелерді жедел шешіп, өзара тығыз іс-қимыл жасағаны үшін ерекше алғыс білдіргім келеді.
Бұл жерде Франция президенті Шарль де Голльдің «… қала құрылысындағы қателіктер соғыстағы шығынға тең» деген пайымдауын еске түсірген жөн. Сондықтан қателіктерді болдырмау үшін бас жоспардың барлық даулы тұстары қала тұрғындары мен жол полициясы, өрт сөндіру қызметі, санэпидқадағалау және сәулетші мамандарының қатысуымен өтетін қоғамдық тыңдауларда қаралды. Қалалық және облыстық мәслихат депутаттары, қала әкімі Бақытжан Орынбеков пен облыстың экс-әкімі Нұржан Нұржігітовтың, сондай-ақ ҚР Сәулетшілер одағы мүшелерінің қатысуымен бірнеше рет талқыланып, олардың жақсы ұсыныстары жұмыс барысында тиімді пайдаланылды. Біздің жұмысымыз, әрине, бас жоспарды жасақтауменмен ғана аяқталмайды, авторлық ұжым оның дамуын қадағалайтын болады.
— Тараз және оның болашағы қалай болатынын айтар болсақ?
— Сіз өзіңізді бір қас қағым сәтке, 2040 жылы «Колдау» фирмасы әзірлеген бас жоспар бойынша, қатаң ешбір өзгеріссіз салынған ежелгі Тараз шаһарында болғаныңызды елестетіп көріңізші. Міне сол уақытта Сіз сәулеттік ерекшіліктері сақталған тарихи ескерткіштері мол, сонымен қатар заманауи жайлы, көгалданған қаланы, Тараздың өткен және қазіргі заманғы сұлулығын тамашалайтын жан жақтан ағылып келіп жатқан туристерді көруге куә боласыз. Иә, тек мұндай сәтті егер қала құрылысы алдағы уақытта бекітілген бас жоспар бойынша қатаң түрде, ауытқымай жүзеге асырылатын жағдайда ғана көресіз.
Соңғы кездері құрылыс саласында ең жиі бұзушылықтар Егжей-тегжейлі жоспарлау жоба (ЕТЖ) әзірлеу немесе түзету, жер учаскесін таңдау актісін беру, Сәулеттік жобалау тапсырма (СЖТ) беру және Нобайлық жобаға келісім беру кезінде аумақтарды белгіленген функционалдық аймақтарға бөлу, құрылыс тығыздығының параметрлері, нысандар арасындағы арақашықтық, талап етілетін қабаттылық, шегіністерді сақтау қажеттілігінің орындалмауы қолданыстағы бас жоспар талаптарының сақталмауына әкеліп соғуда. Құрылысты бекiтiлген бас жоспарға сәйкес жүргізбеу ретсiз құрылысқа, тiршiлiк ету ортаның жай-күйiнiң нашарлауына, азаматтар мен тұтастай алғанда қоғамның құқықтары мен заңды мүдделерiне қысым жасауға әкеп соғады. Егжей-тегжейлi жоспарлау жобасын немесе құрылыс салу жобаларын бекiтiлген бас жоспардан ауытқуы анықталғаны және сәйкес келмегенi үшiн жауапкершiлiктi күшейтіп мемлекет тарапынан қатаң жаза белгiленуі қажет.
Жобаны әзірлеуші мамандар облыстың жаңа жігерлі басшысы Ербол Қарашөкеевтің, қала әкімінің, сондай-ақ Тараз қаласының Бас жоспарын әзірлеуде өз үлестерін қомақты қосқан мәслихат депутаттарының күш-жігерінің арқасында барлық шығармашылық ойлар жүзеге асатынына үлкен үміт артады.