«Қыз-Жібек» операсының 90 жылдығы:Қазақ мәдениетінің асыл қазынасы

0 56

Кез келген өнер туындысы – уақыттың, дәуірдің айнасы. Ал «Қыз Жібек» операсы – қазақ мәдениетінің жаны мен жүрегі, ұлттық құндылықтарымыздың шежіресі. Бұл туынды – біздің ұлттық өнеріміздің жарық жұлдызы, қазақ мәдениетінің тереңіне тамыр жайып, болмысымызды ашатын алтын арқау, кәсіби опера тарихымыздың бастауы.

Евгений Брусиловскийдің әсем әуендері мен Ғабит Мүсіреповтің либреттосы негізінде 1934 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында алғаш рет қойылған «Қыз Жібек» операсы қазақ сахнасында мәңгілік орын алды. Басты рөлдердегі Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Шара Жиенқұлова сынды өнерпаздардың есімдері ұлттық опера өнерінің шежіресінде мәңгілік қалады.

Операның тарихы – халқымыздың рухани әлемінің байлығын, оның салт-дәстүрлерін, арман-тілектерін баяндайтын эпопея. Бүгінгі мақалада «Қыз Жібектің» музыкалық мәні, тарихи маңызы, сахналық қойылымдары және халықаралық танылуы туралы сөз қозғамақпын.

Операның желісі – Жібек пен Төлегеннің арасында өрбіген, шынайы махаббат пен тағдырдың қиын сынақтарына негізделген  күрделі хикая. Шығармада Жібек пен Төлегеннің сүйіспеншілігі өзара теңдік, құрмет және жанашырлықты білдіреді, ал Бекежан – олардың арасындағы кедергілерді көрсететін образ. Алайда, бұл бейнелерді тек махаббат үштігі ретінде емес, дәуірдің суреттемесі, қоғамның қалыптасқан құндылықтары мен ережелерінің сынағы ретінде қарастыру керек. Операдағы кейіпкерлердің өмірлері сол кезеңнің қоғамдық-саяси ахуалын, әлеуметтік нормаларын көрерменге паш етеді.

Евгений Брусиловскийдің музыкалық тілі ұлттық нақышпен өрнектелген, қазақтың дәстүрлі музыкалық элементтерін шебер пайдалану арқылы операға ерекше тереңдік пен стиль қосқан. Әуендерінде халықтың жүрек дүрсілін, күнделікті тіршілігін, қуанышын да, мұңын да сезінуге болады.

 Қазақстанның түрлі театрларында, соның ішінде Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театры, Астана операсы, Шымкент опера театры, Қарағанды музыкалық театры, Ақтөбе қалалық опера театры және тағы басқа көптеген театрларда «Қыз Жібек» операсы қойылып келеді. Әрбір театр өз көрермендеріне жаңа, қызықты қойылымдар ұсынып, операның әртүрлі интерпретацияларын көрсетуге тырысады. Мысалы, Астана операсындағы заманауи көркем көріністер мен техникалық жабдықталған қойылымды жаңаша көзқараспен көрсетуге мүмкіндік берсе, ал Алматыдағы қойылымның дәстүрлі орындаушылығы классикалық өнердің қадір-қасиетін сақтауда маңызды рөл атқарады.

«Қыз Жібек» операсы халықаралық деңгейде де өзіндік ерекше танымалдыққа ие болды: Түркия, Ресей, Қытай, Германия, Франция сынды елдерде сахналанды. Бұл қойылымдар қазақ мәдениетінің әлемдік аренада да танылуына ықпал етіп, әлем халықтарына ұлттық болмысымызды танытуда маңызды қадам болды.

2024 жылы Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармониясы 80 жылдық мерейтойы аясында «Қыз Жібек» операсының концерттік қойылымын өткізді. Бұл шарада Ахмет Жұбанов атындағы Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, Қазақ камералық қоры, классикалық музыка ансамблі, Аққу би ансамблі өнер көрсетті. Мұндай кештер қазақ өнерінің байлығын көрсетіп, ұлттық мұраларды насихаттайды, тарихымызды әрдайым жадымызда ұстауда зор ықпал етеді.

«Қыз Жібек» операсы – қазақ халқының рухани және мәдени байлығының алтын қазынасы, тек өнер туындысы ғана емес, ұлтымыздың жан дүниесін бейнелейтін ерекше шығарма. Операның терең философиялық мәні мен ұлттық мәдениетті бейнелеуі халқымыздың тарихында маңызды орын алады. Жібек бейнесі бүгінгі қазақ қыздарына үлгі болып, олардың рухани әлемін байытады, тұлғалық қалыптасуына зор ықпал етеді.

Операдағы бейнеленген махаббат, адалдық пен ұлттық бірлік бүгінгі қоғамда бүгінгі күнде де өзекті. Жібек образы тек қыздарымыздың ғана емес, барлық жастарымыздың рухани әлеміне жол көрсетіп, ұлттық құндылықтарды сақтап, дамытуға шақырады.

Меніңше, «Қыз Жібек» операсы – бұл тек өнердің ғана емес, сонымен қатар ұлттық сананың оянуына себепкер болатын туынды. Бұл опера астарымыздың рухани байытатын әрі ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін шынайы қазынасы болып саналады. Сондықтан оның мәні мен мағынасы қазіргі таңда да маңызды. Бүгінгі жастар Жібектің даналығы мен ізгілігін өнеге ете отырып, өз мәдениетімізді ұлықтауға атсалысуы тиіс. Түптеп келгенде, өз ұлттық мұрамызды бағалап, оны болашаққа жеткізу – біздің ортақ міндетіміз.

Жибек АЛИКУЛОВА,

Алматы қаласы,

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар

және әлем тілдері университеті,

журналистика факультетінің 1-курс студенті

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.