Байзақ ауданы аумағында өкілеттілік мерзімдерінің аяқталуына байланысты бірқатар ауылдарда әкімдердің сайлауы болып өтті. Бұл саяси науқан жергілікті тұрғындардың ауылдық округтің дамуына белсенді қатысуына және өңір басшылығын таңдауда азаматтық ұстанымдарын білдіруге мүмкіндік берді.
Көктал ауылы мен Сарыкемер және Ынтымақ ауылдық округтерінде дауыс беру таңғы сағат 7.00-де басталып, әрбір азамат өз конституциялық құқығын пайдаланып, ауыл әкімі болуға ниетті кандидаттар арасынан өз таңдауларын жасап, азаматтық жауапкершілік танытты. Әкімдер 4 жыл мерзімге сайланады.
Алғаш болып келген сайлаушыға учаскелік комиссиясы тарапынан сыйлықтар берілді. Сондай-ақ, бірінші рет дауыс беру құқығына ие жас сайлаушылар да маңызды күннен қалыс қалмады.
Әр ауылдағы сайлауға 3 үміткерден 9 кандидат сайлауға түссе, олардың екеуі “AMANAT” саяси партиясынан, біреуі «Ақ жол» партиясынан, ал қалған алты кандидат өзін-өзі ұсынған. Сайлау үдерісінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында әр кандидаттың сенімді өкілдері және тәуелсіз байқаушылар дауыс беру барысын қадағалап отырды. Мұнда дауыс берушілерге барлық жағдай қарастырылды. Арнайы дауыс беруге арналған кабиналар мен жәшіктер, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына пандустар орналастырылған. Учаскелік комиссия мүшелері үйден дауыс беруге өтініш білдірген тұрғындарды аралап шықты.
Тұрғындардың айтуынша, ауыл әкімін халықтың өзі сайлауы өте дұрыс шешім. Бұл — әкімнің халыққа жақын болуына сеп. Айтуларынша, ауыл әкіміне үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламасымен ауыл халқын таныстырып , түйткілді мәселелерді шешуге сөз берген. Ауыл әкімін сайлау – тек саяси шара ғана емес, бұл – елдің ертеңіне деген сенімнің көрінісі екенін айта кетейік.
Сайлау қорытындысына сәйкес, Көктал ауылында сайлауға 1354 сайлаушы қатысып, одан 733 дауыс жинап, «Ақ жол» партиясы ұсынған Серік Кайпулдаев жеңіске жетті. Аудан орталығы Сарыкемер ауылдық округінде 10 615 сайлаушы өз таңдауын жасап, 7 458 дауыспен “AMANAT” саяси партиясы ұсынған Еркін Заурбеков, ал, Ынтымақ ауылдық округінде сайлауға қатысқан 672 дауыс берушіден 481 дауыс жинап “AMANAT” саяси партиясы атынан Бауыржан Жұматаев ауылдық округ әкімі болып сайланды.