Жаңа сайланған ауыл әкімдерін таныстырды

0 3

Көктал ауылы мен аудан орталығы Сарыкемер және Ынтымақ ауылдық округтерінде өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына байланысты ауыл және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткен болатын. Бұл саяси науқан жергілікті тұрғындардың ауылдық округтің дамуына белсенді қатысуына және ауыл әкімін таңдауда азаматтық ұстанымдарын білдіруге мүмкіндік берді.
Аймақ басшысы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен осы маңызды науқанда басым дауыс жинаған кандидаттарды ауыл тұрғындары және әкімшілік ұжымымен таныстырды. Жаңа сайланған ауыл және ауылдық округ әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, еңбектеріне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, зейнет жасына жетуіне байланысты Сарыкемер ауылдық округінің әкімі Сәуле Тлеуқұловаға, Ынтымақ ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған Мейірбек Ноғаевқа құрмет көрсетті. Ауыл тұрғындары атынан сөз алған ақсақалдар жаңа сайланған ауыл әкімдеріне ағалық ақ баталарын беріп, ел игілігі жолында аянбай ететіндеріне сенімдерін білдірді.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының қорытынды хаттамасына сәйкес, Көктал ауылына «Ақ жол» партиясы ұсынған Серік Кайпулдаев, Сарыкемер ауылдық округіне “AMANAT” саяси партиясы ұсынған Еркін Заурбеков, ал, Ынтымақ ауылдық округіне “AMANAT” саяси партиясынан Бауыржан Жұматаев ауылдық округ әкімі болып сайланды.
Сайлау күні аталған елді мекендер бойынша жалпы саны 11 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеп, 12641 сайлаушы өз таңдауларын жасаған. Олардың 123-і ең алғашқы дауыс берушілер болса, 163 сайлаушы үйден дауыстарын бергенін айта кетейік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.