Сарысу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен аудандық аппараттық кеңес өтті. Жиынның алдында аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы Жаңаарық ауылдық округінің әкімі болып тағайындалған Жалғас Дүйсенді жаңа қызметімен құттықтап, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі. Сондай — ақ, ауылды көркейтуге, Мемлекеттік саясатты іске асыруда бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Күн тәртібінде алғашқы мәселе бойынша «2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында әлеуметтік-идеологиялық салада атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер туралы» аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов баяндама жасады.
Жыл ішінде әлеуметтік-идеологиялық саланың негізгі бағыттарында бірқатар жұмыстар атқарылды. Жамбыл облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарындағы нысаналы индикаторлардың 2025 жылға білім бөліміне 10 индикатор қойылған, оның ішінде 1 жартыжылдық қорытындысымен 8 индикатор орындалып отыр, 2 индикаторлық көрсеткіш жыл аяғына дейін орындалатын болады. Бүгінгі таңда ауданда қоғамдық-саяси ахуал тұрақты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «2024-2025 жылғы оқу маусымының қорытындысы, алдағы ҰБТ-ға дайындық барысы және балаларды жазғы демалыс лагерлеріне жіберу туралы» аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлдана Кабулованың есебі тыңдалды.
Ауданда білім бөліміне қарасты 48 мекеме жұмыс жасауда. Атап айтқанда 27 мектеп, ( 22 орта, 4 негізгі, 1 бастауыш, 2 мектеп гимназия, 1 мектеп лицей) 9 қосымша білім беру ұйымдары, 11 балабақша және 1 Психологиялық педагогикалық түзету кабинеті.
Аталған 27 мектептің 17 типтік, 10 ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан, бүгінгі таңда апатты және үш аусымды мектептер жоқ. Жалпы жобалық қуаттылығына сәйкес орын саны 13 753. Мектепке орын тапшылығы жоқ.
2024-2025 жаңа оқу жылын 9020 оқушымен бастап 3 тоқсан қорытындысымен 8938 оқушы болды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша «Жаңатас қаласы және ауылдық округтердің тазалығы туралы» аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру инспекторлық бөлімшеснің басшысы Мұрат Сүлетаев баяндады.
Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы анықталған кемшіліктерді қалыпқа келтіру және жүйелі жұмыс жасау үшін жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.