Байзақ ауданында ауылшаруашылығы дақылдарын егу жұмыстары аяқталуда. Бүгінгі таңда 12 440 гектар алқапқа масақты дәнді дақыл орналастырылған, — деп хабарлайды «ZhambykNews» Ақпараттық Агенттігі.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша биылғы жылы аудан бойынша 12 440 гектарға жаздық масақты дақыл, 3535 гектарға көп жылдық шөп, 1375 гектарға пияз, 141 гектарға қырыққабат, 62 гектарға сәбіз, 450 гектарға картоп, 1050 гектарға майлы дақылдар егу жоспарланса, бұлардың барлығыда өз уақытында егілді.
Биылғы жылы қызылша алқабы 1100 гектарға дейін қысқартылды. Осы аптаға дейін аудан бойынша 823 гектарға тәтті түбір егілді. Жекелеген округтер бойынша Жаңатұрмыс, Мырзатай, Үлгілі ауылдық округі дихандары жоспарлы қызылшаны егіп қойса, Бәйтерек, Суханбаев ауылдық округтері әлі бастамағанда. Жоспарға сәйкес бәйтеректік дихандар 25, ал Суханбаев ауылдық округі 45 гектар қант қызылшасын егуі тиіс. Ал Дихан ауылдық округі жоспардағы 145 гектардың 65 гектарына ғана қант қызылшасын еккен.
Аудандағы жоспарлы 610 гектар қиярдың 500, 1210 гектар қызанақтың 991, 1580 гектар бақшаның 1551, 2140 гектар дәндік жүгерінің 1907, 1052 гектар басқа көкөністердің 1001 гектары егілген.
Жекелеген округтер арасында қияр, қызанақ егуде өз жоспарларын уақытында орындаған Дихан және Жалғызтөбе ауылдық округі дихандарының еңбегін атап өтуге болады. Дихандықтар осы уақытқа дейін жоспардағы 199 гектар жүгерінің 120, ал түймекенттіктер 496 гектар жүгерінің бар болғаны 324 гектарын ғана егіп үлгерген.