Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиында мемлекеттік сатып алу жұмыстары, абаттандыру бойныша атқарылған шаруалар, өңірлік картаны іске асыру, құрылыс саласының барысы қаралды.
Басқосуда алдымен қала әкімдігі мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Ғани Мульдеков мемлекеттік сатып алу жұмыстарының орындалуы туралы баяндады.
– Ағымдағы жылы қала әкімдігінің мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушысына 350 лот көлемі 10 436 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу көзделген. Оның ішінде 9 826,8 млн теңгеге 235 лот жарияланған. Қазіргі таңда 171 лот бойынша сатып алу жұмыстары толық аяқталса, 52 лоттың рәсімдері тәмамдалуда. Сондай-ақ 12 лот бойынша қала әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің тарапынан конкурсқа өзгерістер енгізілуде. Бүгінде тапсырыс берушілерден 78 лот бойынша өтінім берілді, – деді Ғани Имашұлы өз баяндамасында.
Келесі кезекте «Әулиеата» ауданының әкімі Барлық Төреханов пен «Жібек жолы» ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ержан Данаев округтердегі абаттандыру жұмыстарының барысына тоқталды.
Бұдан кейін кеңестің күн тәртібіндегі Тараз қаласы бюджетінің 2025 жылғы қаңтар-мамыр айларының болжамды орындалуы, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, Мемлекетік рәміздер күні аясында өткізілетін іс-шаралар, құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар, жолдарды жөндеу, 2024-2025 оқу жылының аяқталуы және өңірлік картаның іске асырылуы жайлы мәселелелер жан-жақты қаралды.
Қала әкімі өз кезегінде көтерілген әрбір мәселе бойынша бөлім басшыларынан жауап алып, тиісті тапсырмалар жүктеді.