Таразда биыл 808 шаруа қожалығы 6 038,17 гектар жерде ауыл шаруашылығы өнімдерін егу жұмыстарын аяқтады. Оның 843,0 гектары дәнді және бұршақты дақылдарға, 1 537,0 гектары пиязға, 32,0 гектары қант қызылшасына, 295,0 гектары мал азығы дақылдарына, 310,0 гектары картопқа, 3 522 гектары көкөніс дақылдарына, 38,0 гектары бақша дақылдарына тиесілі. Бұл туралы ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Таңатаров мәлімдеді.
Бөлім басшысының мәліметінше 2025 жылғы жер есебі бойынша шаһардағы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер көлемі 8 442,4 гектарды құрайды. Оның ішінде егістік жерлер – 6 038,17, тәлімі –728,9, жайылымдық жерлер – 1 470,93, көп жылдық егіс – 197,7, қоймалар 6,7 гектар аумақты алып жатыр.
Бұған қоса қазіргі таңда Тараз қаласы, Әулиеата ауданындағы 229 шаруа қожалығы 60 гектарға күздік бидай, 32 гектарға қант қызылшасын, 1 100 гектарға жоңышқа, 82 гектарға картоп, 478 гектарға пияз, 156 гектарға жүгері және көкөніс дақылдарын еккен. Бұл істен Жібек жолы ауданының шаруалары да тыс қалып отырған жоқ. Айталық, қазіргі таңда ондағы 579 шаруа қожалығы 62 гектарға арпа, 140 гектарға күздік бидай, 24 гектарға мақсары, күнбағыс секілді майлы дақылдар, 180 гектарға жоңышқа, 932 гектарға пияз және 156 гектарға көкөніс дақылдарын егіп жатыр. Осы ретте шаруа қожалықтарында жалпы саны 182 дана техника бар екенін айта кеткен абзал.
Қазіргі таңда азық-түлік бағасының өсуі – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауы халықтың күнделікті өміріне әсер етіп қана қоймай, тұтастай ел экономикасына да салмақ түсіріп отыр. Осыған байланысты қала тұрғындарына азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасау, отандық тауар өндірушілердің өнімін қолдау, жарнамалау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы және Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен жалпы саны 6 жәрмеңке өткені. Аталған сауда-саттық шаралары барысында 86,4 миллион теңгеге 116,3 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен бағамен өткерілді. Оның ішінде 500 келі тауық еті, 1 000 келі шұжық, 2 000 келі сүт, 1 мың дана жұмыртқа, 500 келі кондитер, 600 келі макарон өнімдері, 50 келі тұз, 100 келі балық, 3 000 келі ұн, 500 келі бал және 11 000 келі жеміс-жидек пен көкөніс бар. Картоптың орташа бағасы – 250, таңдалған картоп бағасы 300 теңгені құрады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.