Өнегелі отбасылармен кездесу өтті

0 4

“Аmanat” партиясы аудандық филиалы жанындағы «Кітап-AMANAT» орталығында 15 мамыр-Халықаралық отбасы күні мерекесіне орай, өнегелі отбасылармен кездесу өтті.
Кездесуге білім, әлеуметтік қызмет көрсету, ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген, отбасы құндылығын берік ұстап, алып бәйтеректей тамырын кеңге жайған өнегелі әулеттердің өкілдері қатысты.Олардың қатарында Елеқұловтар, үлгілілік Маликовтар, мәдірмарлық Тайшыбековтер отбасы бар.
Кездесуді “Amanat” партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева ашып, отбасы-ұлттың өзегі, тәрбиенің бастауы, өнегелі, үлгілі отбасы-тәуелсіз еліміздің мықты тірегі екендігін, саналы ұрпақ тәрбиелеуде үлгілі отбасы мен парасатты ата-ананың рөлі ерекше екенін жеткізді. Қоғамда осындай өнегелі отбасыларды насихаттау, үлгі тұтудың өзектілігін атап өтті.
Алдымен сөз алған сарыкемерлік Елеқұловтар әулетінің отағасы Шолпанбек, зайыбы Дариякүл апай 4 перзентінен 15 немере, 5 шөбере сүйіп отырғанын, отбасының құндылығы перзенттерінен тараған ұрпақ екендігін айтса, үлгілілік Маликовтар отбасының отанасы Минаш үшін басты құндылық балаға дұрыс тәрбие беру, мейірімді ұрпақ тәрбиелеу екендігін алға тартты. Тайшыбековтер әулетінің отағасы Жақсылық аға 7 перзентінен 12 немере көріп отырғандығын, отбасы беріктігін сақтауда сабырлы болудың маңыздылығын, отбасындағы сенім мен түсіністік арқасында бақытқа жеткен қызықты сәтімен бөлісті. Еркін форматта өткен шара барысында Индира Әбілханқызы өнегелі отбасыларға отбасы құндылықтары, отбасындағы бақыттың кілті кімде екендігі, отбасында ата-ананың орны, жастар арасындағы ажырасу, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты сақтау турасында сауалдарын қойып, ашық пікір алмасуға шақырды. Үлгілі отбасының отағасы мен отаналары жоғарыдағы сауалдарға қатысты өздерінің ойларын ашық, бүкпесіз ортаға салып отырды.
Шараға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шырын Қапарова отбасын сақтау, бақытты ғұмыр кешу, ұлт сапасын жақсартуда ата-анаға жүктелген міндет, өсіп келе жатқан жастар бойына адамгершілік қасиеттерін сіңіру, ұрпақтар сабақтастығы жөнінде пікірлерімен бөлісті.
Үлгілі отбасылардың құрметіне белгілі әншілер Әлмахан Исабаев пен Марлен Көпешов әсем әннен шашу шашты.
Отбасы күніне арналған кездесу соңында Индира Спаналиева өнегелі отбасыларға “Amanat” партиясы атынан мерекелік мадақтама ұсынып, естелік сыйлықтар табыстады. Өз кезегінде өнегелі отбасылар осындай кездесулердің кейінгі ұрпаққа берері мол екендігін айтып, алғыстарын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.