Өнер мен мәдениеттің мерейі тасыған күн

0 5

21 мамыр- Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ауданда салтанатты шаралар кең көлемде ұйымдастырылып, руханият саласының майталман өкілдеріне айрықша құрмет көрсетілді. Қаратау қаласының орталық алаңында өткен басты шараға аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков арнайы қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде мәдениет- халықтың рухани байлығы мен болмысының алтын діңгегі екенін атап өтті.
— Сала қызметкерлері ауданымыздың әлеуметтік – экономикалық жағдайының одан әрі жақсаруы мен мәдени-рухани кемелденуі мақсатында халықты өрелі өнермен сусындатып, игі дәстүрлерді жалғастыра отырып үлкен үлес қосып келеді. Мәдениет- ең алдымен жәдігерлік. Оны ұрпақтан — ұрпаққа жеткізуші- зиялы қауым. Себебі, әр халықтың дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрлері дәл осы мәдениет деген ұғыммен астасып жатыр. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Мәдениеттің өзекті бір бөлігі- өнер екендігіне тоқталған Нұрбол Әбдімәжитұлы мұнан соң, ауданымыздың мәдениеті мен өнерін өркендету жолында еңбек етіп жүрген бірқатар сала қызметкерлерін Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапаттады.
Ашық аспан астында, ерекше форматта өткен мерекелік шара аясында Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы мен осы орталыққа қарасты ауылдық мәдениет және клуб үйлерінің қызметкерлеріне түрлі аталымдағы жүлделер табысталды. «Жылдың үздік режиссері», «Жылдың үздік актері», «Жылдың үздік әншісі», «Жылдың үздік клуб үйі» және сол сияқты тағы басқа номинациялар жеңімпаздарын AMANAT партиясы Талас аудандық филиалының төрағасы Докторбек Мәселбеков, Қаратау қаласының әкімі Дархан Байымбетов пен басқа да бірқатар мекеме басшылары тапсырды. Шара соңы аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл- күй сыйлады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.