Мәдениет және өнер қызметкерлері – марапат төрінде

0 2

Мәдениет — ең алдымен жәдігерлік. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші — зиялы қауым. Себебі, әр халықтың дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрлері дәл осы мәдениет деген асыл ұғыммен астасып жатыр. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады.
Мәдениеттің өзекті бөлігі — өнер. Шынында да өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды.
Елімізде 21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтіледі. Осыған орай, әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен мерекелік кеш болып өтті. Кештің шымылдығы мәдениет үйінің жігіттер квартетінің орындауында әсем әнмен ашылды.
Сахна төріне көтерілген аудан әкімі мәдениет және өнер қызметкерлерін мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Әрі қарай кеш марапаттауға ұласып, ауданымыздың мәдениеті мен өнеріне елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Бұдан әрі аудандық кітапхана қызметкерлеріне марапаттары табыс етілді. Сондай-ақ, елімізге танымал әншілер, кеш қонақтары «AIEM BEND» тобы өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Мерекелік кеш мәдениет үйі өнерпаздарының ән-шашуымен қорытындыланды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.