АУЫЛ КЕШІ КӨҢІЛДІ: Мәдениет және өнер фестивалі басталды

0 2

Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ықпалымен, әл — Фараби атындағы мәдениет үйінің үйлестіруімен «Ауыл кеші көңілді» атты мәдениет және өнер фестивалі осымен екінші жыл ұйымдастырылып отыр.
Аталған фестиваль өңір басшысының қатысуымен бүгін ғана ел игілігіне ұсынылған Мырзатай ауылындағы мәдениет үйінен бастау алып, онда Бурыл ауылдық округі мен Көктал ауылының өнерпаздары өзара байқауға түсті. Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қалмұхамбетұлы жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
«Өнер – ұлттың жаны», – дейді дана халқымыз. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету — баршамыздың ортақ мақсатымыз. Мемлекет тарапынан басқа да салалармен бірге мәдениетке де үлкен көңіл бөлінуде. Әрбір ауылдарда жаңадан мәдениет үйлері, клубтар салынып, халық игілігіне берілуде. Төл өнерімізді өрістетіп, ұлттық өнердің алтын қорын толықтыру бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Ал, ұлттық өнерімізді қаймағы бұзылмаған қалпында тыңдарманға жеткізу — өнер ұжымдарының басты мақсаты болып саналады. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды таразылау, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу мақсатында «Ауыл кеші көңілді» атты ауылдық округтердің мәдениет күндері биыл да өз жалғасын тауып отыр — деді.
Шара барысында салт-дәстүрлеріміз дәріптеліп, көрермендер ұлттық ойындарды тамашалады. Мырзатай ауылының аспаны әуезді ән мен күмбірлеген күйге бөленді.
Айта кетейік, мәдениет және өнер күндерін өткізу тәртібі ережемен бекітіліп, әр аптаның жұмасы күндері ауыл, ауылдық округтерде кезекпен өткізілетін болады. Әр ауыл, ауылдық округ өнерпаздарының өнерлері, түрлі қолөнер бұйымдарының көрмелері және ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсетін спортшыларының ойындары қазылар алқасының бақылауында, бағалауында болмақ. Яғни бұл, ауыл мен ауыл арасындағы бәсеке — байқау десек орынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.