Еліміздің ең басты байлығы – ел ішіндегі бейбітшілік пен бірлік. Осы құндылықтарды сақтау мақсатында этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы жүзеге асуда.

2025 жылдың 11 қарашасында жоба аясында «Этносаралық және конфессияаралық келісім» тобы Байзақ ауданына жұмыс сапарымен келді. Сапардың басты мақсаты – жергілікті тұрғындармен кездесіп, ел ішіндегі тұрақтылық пен ынтымақты арттыру.
Топ құрамында Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ардагерлермен жұмыс қызметінің бастығы Қайнар Байғабылов болды. Олар Бурыл, Қостөбе және Түймекент ауылдарының әкімдері, ақсақалдары, аналар мен ардагерлер кеңестерінің төрағалары, жастар және этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесті. Тұрғындар тарапынан айтылған ауыл өміріндегі өзекті мәселелерді тыңдады.
Жиын барысында сөз алған Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев ел ішіндегі тұрақтылық пен бірліктің маңыздылығын атап өтті: «Бүгінгі таңда еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы – ең басты құндылығымыз. Бұл бағытта әр ауылдың, әр азаматтың үлесі зор. Біз барлығымыз бір мақсат – ел бірлігін сақтау жолында қызмет етуіміз қажет», – деді ол.
Сонымен қатар, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева жобаның негізгі мақсаттарына тоқталып, шалғай аудандарда щоғырланған этнос өкілдерінің, ауыл-аймақтағы ағайынның хал-ахуалынан хабар алдыратын өзекті жиынның маңыздылығын атап өтті.
Кездесулер барысында этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау, өзара сыйластық пен түсіністікті нығайту мәселелері кеңінен қаралды. Сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Замана Исмаилова ауылдардағы қоғамдық ахуалға мониторинг жүргізді.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілі Қайнар Байғабылов қатысушыларға әскери қызметке шақыру тәртібіне енгізілген өзгерістер туралы түсіндірме беріп, ел бірлігін сақтауда әр азаматтың жауапкершілігіне тоқталды.
Бұдан өзге, Түймекент ауылының тұрғындарымен кездесіп, суармалы жер мәселесіне байланысты ұсыныстары тыңдалды.
Жиын барысында жергілікті халық мұндай кездесулер қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың өзара байланысын күшейтіп, бейбіт өмірдің қадірін ұғынуға мүмкіндік беретінін айтты.
«Бейбітшілік пен келісім» жобасы – ел ішіндегі тұрақтылық пен татулықтың жарқын көрінісі ретінде өзге аудандарда да өз жалғасын табатын болады.