«Келешек мектептері»: Жамбыл облысында жоба қалай жүзеге асырылды?

0 1

«Келешек мектептері»: Жамбыл облысында жоба қалай жүзеге асырылды? «Келешек мектептері» жобасы – еліміздің білім беру саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық бастама. Бұл жоба ең алдымен мектеп тапшылығы бар, материалдық-техникалық базасы әлсіз және оқушы саны жыл сайын артып отырған өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.

Жамбыл облысында аталған жоба жүйелі әрі қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Жоба аясында 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 7 мектеп пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Байзақ ауданында бір жаңа мектеп ашылса, Тараз қаласының «Бәйтерек» және «Ұлы дала» шағын аудандарында, Шөлдала алқабында төрт ірі мектеп оқушыларды қабылдады. Сонымен қатар, Қордай ауданының Қарасу және Қаракемер ауылдарында екі жаңа мектептің құрылысы аяқталып, ауыл балаларына заманауи талаптарға сай оқу ортасы ұсынылды. Осылайша, өңірде білім беру инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңарып, жаңа форматтағы мектептер желісі кеңеюде. Аталған оң өзгерістердің жарқын үлгісінің бірі – Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында салынған жаңа мектеп. Қонаев көшесінде орналасқан бұл білім беру нысаны 600 орынға лайықталған және «Келешек мектептері» жобасының негізгі талаптарына толық сай келеді. Нысанның тапсырыс берушісі – Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы және «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы. Құрылыс республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып, келісім-шарт құны 6 057,0 млн теңгені құрады. Жаңа мектептің материалдық-техникалық соңғы үлгіде жабдықталған. Ғимаратта 35 оқу кабинеті, 132 орындық мәжіліс залы, 176 орындық асхана, екі спорт залы, лингафон кабинеттері, химия, физика және биология пәндеріне арналған зертханалар, компьютер кабинеттері, кітапхана мен шеберханалар қарастырылған. Бұл – шалғай ауыл балаларының да қала мектептерімен тең жағдайда білім алуына мүмкіндік беретін маңызды қадам. Қазіргі таңда мұнда 650 оқушы білім алуда, ал жобалық қуатына сәйкес алдағы уақытта оқушылар саны 800-ге дейін жетеді деп күтілуде. Жаңа мектепке Сарыкемер мектеп-гимназиясынан, №1 мектеп-гимназиясынан, Ғани Мұратбаев гимназиясынан және өзге де көршілес білім беру ұйымдарынан оқушылар ауыстырылды. Бұл өз кезегінде бұрынғы мектептердегі сыныптардың шамадан тыс толуын азайтып, оқу сапасын арттыруға ықпал етті. Кадрлық қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Педагогтер Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес ауыстыру тәртібімен қабылданып, 55 мұғалім жаңа мектепте еңбек етуге мүмкіндік алды. Жалпы педагогтер саны – 69. Сарыкемер ауылындағы жаңа мектеп – «Келешек мектептері» жобасының шалғай ауылдар үшін нақты өзгеріс әкеліп отырғанының айқын дәлелі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.