Цифрлы дәуір — жаңалық пен өзгеріске толы уақыт. Осы тақырыпқа байланысты Шымкент қаласының тұрғыны, мектеп оқушысы өз тәжірибесінде көрген буллинг жағдайларымен бөлісті:
- Қазір достар бір-бірін сынайды, балағат сөз айтады, менің ойымша, адамдық қасиет азайып барады, — дейді ол.
Оқушының пікірі бойынша, цифрлы дәуірде адамдық қасиетті сақтау — маңызды сынақ, ал буллинг қазіргі өмірде әлі де кездесетін қиындық ретінде көрінеді.
Цифрлы дәуірдің жылдамдығы адамдар арасындағы қарым-қатынасқа да әсер етуде. Дегенмен, шынайы өмірдегі мінез-құлық пен адамдық қасиет әлi де басты өлшем болып қалуда. Мектеп ортасында кей оқушылар бірін-бірі кемсітіп, ауыр сөздер айтып, буллингке себеп болатын жағдайлар әлі тоқтаған жоқ. Осындай оқиғаларды өз көзімен көрген оқушы бұл мәселенің маңызды екенін айтты. Бұл пікірден кейін ата-ананың көзқарасын және психологтың жауабын тыңдап, қазіргі ортада адамдық қасиеттің қалай қалыптасып жатқанына назар аудардық.
Сұхбат барысында оқушы шынайы өмірде де, онлайн ортада да ауыр сөздердің әсерінен қиналғанын жасырмады. «Қорлау болды ма?» деген сұраққа ол «иә» деп жауап беріп, сол сәтті былай сипаттады:
- Кенеттен күлкім жоғалып кетті. Өзімді ешкімге керек емес адамдай сезіндім, — деді.
Бұл жағдай жеке оқушыға ғана тән емес. Зерттеулерге сүйенсек, 11–15 жас арасындағы әр төртінші оқушы буллингке ұшырайды немесе өзі жасайды. Онлайн буллингке тап болғандардың да саны көп — шамамен 12%-дан астам оқушы кибербуллингке кезіккен. 2024 жылы Қазақстанда 1500-ден астам буллинг фактісі тіркелген, ал оқушылардың 63%-ы мектепте кемсітуге куә болғанын мойындаған.
Ата-аналар да бұл жағдайға бейжай қарамайды. Олар балаларының интернеттегі әрекеттеріне жиі мән беріп, адамдық қасиетті үйретудің негізгі жолы — өздері үлгі болу екенін айтады:
- Бәрі өзімізден басталады. Баламызға қандай сөз айтсақ, қандай мінез көрсетсек — ол соны қайталайды, — дейді ата-ана.
Психологтың айтуынша, буллинг баланың психологиясына ұзақ мерзімді әсер етеді: «Өзін-өзі бағалау төмендейді, бала тұйықталады». Цифрлы дәуірде адамгерішілік баланың өз ортасынан — ата-ана, ұстаз, достардың мінез-құлқынан қалыптасатынын атап өтті. Адамдық қасиетті сақтау күнделікті қарым-қатынас пен шешімдерден көрінеді және әр адамның жеке жауапкершілігіне байланысты.
Цифрлы дәуір ақпаратты жылдам таратқанымен, адамдық қасиетті сақтау мәселесін де күрделендіріп отыр. Оқушы, ата-ана және психологтың пікірлері көрсеткендей, буллинг әлі де өзекті. Сондықтан адамдық қасиетті сақтау — тек технологияның дамуына емес, адамның өзіне, оның таңдауы мен жауапкершілігіне байланысты құндылық.
Рахматуллаева Арайлым