“Журналистика — медианың қайнаған ортасы, сондықтан жақсы маман ретінде сұранысқа ие болғыңыз келсе, инстаграм жүргізген дұрыс.” Журналистикадағы өзгерістер: әлеуметтік желілердің жас журналистерге әсері, жаңа мүмкіндіктер мен даму қарқыны.
Қазіргі таңда әлеуметтік желіге деген сұраныс пен оның қолданысы кеңінен таралуда. Журналистика саласы да бұл жаңа бастамадан қалыс қалмады. Әлеуметтік желілердің қарқыны ақпараттық кеңістікті, желі ықпалын одан әрі кеңейте түсті. Бүгінде Instagram, TikTok, X әлеуметтік желілері тек цифрлы платформа емес, сонымен бірге ақпарат таратуда маңызды рөл атқарады. Әсіресе Instagram қосымшасындағы қазақ тілді контент жиі оқылып, қаралымдар жинайды. NapoleonCat ұсынған мәліметте, “Instagram users in Kazakhstan – October 2025” дерегі бойынша, еліміздегі Instagram қолданушыларының саны 13 099 800 құрайды.
Дәстүрлі медиа қазіргі уақытта цифрлы форматқа бейімделуде. Қазақстанда 13 миллионнан астам қолданушысы бар Instagram платформасы онлайн БАҚ алаңына айналды. Желіде ақпараттың таралу қарқыны жылдам, оған қол жеткізу және тұтыну осы күні дәстүрлі медиадан жоғары болып отыр. Резонансты, өзекті жаңалықтар мен трендті контенттер үлкен ықпалға ие. Мәселен, Cision компаниясының 2025 жылғы зерттеуіне сәйкес, журналистердің 96%-ы әлеуметтік желіні кәсіби мақсатта ақпарат таратуға, тақырыптарды табуға және оқырманмен байланыс орнатуға қолданады. Журналистер үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғаны, жас журналистер буынына жаңа бағыт енгені де рас. Бірі өзіндік блог жүргізсе, енді бірі онлайн басылымдарда белсенділік танытып жүр.
Жас журналистердің жаңа мүмкіндіктері мен бағытын талдау мақсатында әлеуметтік желі белсендісі, подкастер, журналист және блогер Айнұр Анламасовамен сұхбаттастық.
Контент жасағанда не затқа сүйенесіз? Трендке ме әлде өз стиліңізге ме?
— Контент — бұл тікелей адамның шығармашылығына байланысты. Мысалы, мен подкастингпен айналысамын және ютубқа влог жүктеймін. Контентте өзімнің білетін ақпараттарыммен бөлісемін. Моңғолияға бардым делік. Осы сапар бойынша эпизод жаздым және жүктедім. Яғни, бұл менің өмірімдегі оқиғалардан шығатын өнім.
Аудиторияны өзіңізге тарту, қызықтыру қалай жүреді?
— Мақсатты аудитория өзіне ұнайтын контентті өзі табады. Мен аудитория үшін емес, бірінші өзімнің идеям үшін жұмыс жасаймын. Көңілімнен шыққан сапалы өнімді аудитория өзі іздеп келеді.
Подкаст әрі Instagram аккаунт жүргізу журналист ретінде қандай тәжірибе,мүмкіндіктер береді?
— Instagram — кез келген сала маманының қоғамдағы визиткасы. Сіздің жұмыстарыңызды, сіздің тәжірибеңізді әлеуметтік желі арқылы бақылайды, көреді. Журналистика — медианың қайнаған ортасы. Жақсы маман ретінде сұранысқа ие болғыңыз келсе, инстаграм жүргізгеніңіз дұрыс. Ал подкастинг өзі үлкен сала, бағыт. Бұны да меңгере білсеңіз, сіздің брендіңіз үшін жұмыс жасайды.
Алдағы уақытта өз жеке брендіңізді қалай, қай бағытта дамытқыңыз келеді?
— Алдағы уақытта журналистиканың нақты бір саласы бойынша маманданғым келеді. Мүмкін толықтай подкастиң саласына бет бұрамын, мүмкін қазақ ауылдарын аралайтын саяхатшы-журналист боламын. Әзірше тек сан түрлі ойлар.
Жеке брендті жетілдіру және танымалдылыққа жету желіні тиімді пайдаланудың арқасында әркімге қолжетімді іске айналды. Жеке брендіңізді желіде қалыптастырсаңыз, мақсатты аудиторияңызды және оқырмандарыңызды табу жеңілдейді. Цифрлы әлемде желіні дамыту маңызды рөл ойнайды, нәтижесінде сіз өзіңізге ауқымды мүмкіндіктер мен үлкен жол ашасыз:
- Танымалдылықтың артуы және ықпал: жеке бренд сізді өз салаңызда есте қаларлық және ықпалды ете түседі. Өз блогыңыз арқылы сіз көпшіліктен ерекшеленіп, көзге түсуге, қызметіңіз немесе өніміңіз қажет болғанда аудиторияңыздың ойына алғашқы болып түсуге көмектеседі.
- Тиімді серіктестік, жарнамалық келісімдер: танымал тұлғалармен танысу, жаңа серіктестік, жан-жақты байланыс орнату. Демеушілік қолдау табу, кірісті ұлғайту.
Біз журналист, әнші әрі актриса Дильназ Мухаммедовамен жеке брендті қалыптастыру және оның маңыздылығы жайлы сұхбат жүргіздік.
Аудиторияны өзіңізге тарту, қызықтыру қалай жүзеге асады?
— Менің аудиториям өзіммен қатар енді дамып, жетіліп келе жатқан жастар. Әрі мен де шоу-бизнесті енді бастап келе жатқан тұлға болғандықтан, олар менен сұхбат алып, сұрақтар қойып, сауалдарын жаудырып жатады. Күнделікті сторис, рилстарым оларға мотивация.
Журналистика саласы сізге қандай әсер, мүмкіндіктер мен тәжірибе берді?
— «Алматы» телеарнасында 6-7 ай практика өткен болатынмын. Практика барысында нағыз қайнаған қазанның ішіне түстік. Мамандығымыздың әрбір қыр-сырын тереңінен түсіне бастадық. Нағыз журналистің өмірі қандай, әр күні қалай өтеді, сұхбат берушілермен қалай байланысқа түсу керек, эфирге сюжет дайындауды үйрендік. Бірақ уақыттан кейін «Алматы» телеарнасына сюжеттерім шықты. Бұл сала беретін тәжірибе мен әсерді нағыз журналист болғанда ғана түсінеміз.
Жеке бренд — бұл тек танымалдылық құралы емес, сонымен қатар сіздің басты заманауи капиталыңыз. Күшті бренд сіздің кез келген өзгерістерге қарамастан өзіңізбен бірге алып жүретін және сарапшылық деңгейіңізді растайтын, жаңа белестерге жеткізетін құралыңыз.
Ермекбай Рахима