Шақпақата ауылдық округіне қарасты «Шақпақ» станциясында 15 шақты ғана аула бар. Өмірін шойын жолмен байланыстырған тұрғындар мұндағы күнделікті жүйткіген пойыздың даусына әбден үйреніп кеткен. Рельстердің тықылдаған үні де олар үшін таңсық емес. Мұнда «Мен келдім» деп белгі бергендей зулап өткен пойыздар бір сәт те толастамайды. Күн сайын, тіпті, түнде де осы қозғалыс толастаған емес. Бірақ, бұл дауыстар станция тұрғындары үшін қалыпты, үйреншікті өмірдің бір бөлігіне айналған. Тіпті, кейде олар өздерін шойын жолдағы осы толассыз тіршілікті күтіп отыратындай сезінеді. Пойыздың даусы естілмей қалса, біртүрлі тыныштық орнап, бірдеңе жетіспей тұрғандай көрінеді.
Жалпы, теміржол – ел экономикасының күретамыры, еліміздің көлік инфрақұрылымының негізі, халық пен жүк тасымалын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар сала. Күні-түні тынымсыз еңбек етіп жүрген мыңдаған теміржолшы мамандардың арқасында бұл алып жүйе еш кедергісіз, белгіленген тәртіппен жұмыс істеп келеді. Аптап ыстықта да, қыстағы қақаған аязда да өз міндетін адал атқарып жүрген жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық.
Халқымызда «әр адам өз өмірінің құрылысшысы» деген әдемі сөз бар. Оны қай арнаға бұрғың, бояғың келеді, ерік өзіңде. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз өзінің өмір жолын теміржол саласының жұмысымен байланыстырған жан. Яғни, ол теміржолдың бойында өмірі мен қызметі қатар өрілген, темірдей тәртіпке бағынып, адал еңбегімен абырой биігінен көрінген ардагер теміржолшы – Тоқтан Исабеков. Осы елдімекенде 1950 жылы дүниеге келген ол әке жолын жалғап, еңбекке ерте араласады. Әкесі соғыс жылдары тылда еңбек етіп, теміржолдағы қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысады. Соғыстан кейін әкесі ауылға келіп, теміржол саласында еңбек етеді. Алайда, әкесі өмірден ерте өтіп, анасы Қалбүбі ерінен ерте айырылып, балалармен жалғыз қалады.
Тоқтан аға анасына қолғабыс ету үшін мектепті бітірген соң, еңбек жолын 1968 жылы «Шақпақ» станциясында қарапайым жол жұмысшысы болып бастайды. Шойын жолдың қатал тәртібіне жастайынан үйренген ол мұндағы жұмыстарға жауапкершілікпен қарайды. Осылайша бір жұмыс орнында еңбек еткен ол әр жылдары жол монтеры, бригадир, станция кезекшісі, станция бастығының орынбасары және станция бастығы қызметтерін абыроймен атқарып, 2013 жылы зейнет демалысына шығады.
– Теміржолшы – ең жауапкершілігі жоғары мамандықтардың бірі. Бұл салада қиын сәттер көп кездеседі. Жұмыс тәртібі қатал, тиянақтылықты талап етеді. Себебі, біздің басты мақсатымыз бен міндетіміз – поездарды тоқтатпау. Күннің ыстығына да, суығына да, жел мен боранға қарамастан, біз әрдайым жұмыс басында боламыз. Біздің еңбек еткен жылдарымызбен салыстырғанда қазіргі теміржол саласында жаңашылдықтар көп. Бұрын барлығын қолдың күшімен атқарсақ, қазір жаңа технологиялар енгізіліп, жұмыс біршама жеңілдеді.
Менің теміржолға деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Бала кезімізде теміржол бойында шөп жұлу сияқты қарапайым жұмыстарға шығып, сол уақыттан бастап осы салада еңбек ету деген ой пайда болды. Әкем маған орыс тілін үйрен деп өсиет етті. Мектепте орыс сыныбында оқыдық. Ауылда бұрындары өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған еді. Олармен де араласып, орыс тілін жетік меңгердік. Орыс тілін жетік білуім еңбек жолымда пайдасын көп тигізді. Өйткені, теміржол саласында барлық құжаттар бүгінгі күнге дейін орыс тілінде жүргізіледі. Шойын жолда еңбек ету – таза еңбек, әділдік, тазалық және қаталдықты үйретеді. Теміржолда нағыз еңбек бар, ол адамға жауапкершілік пен табандылықты сіңіреді. Бұл қасиеттердің барлығын бүгінгі күні балаларыма өсиет етіп айтып отырамын.
Егер қайтадан мамандық таңдауға мүмкіндік берілсе, мен қайтадан теміржолшы болар едім. Себебі, бұл салада өткен әр күнім, әр сәтім әлі күнге дейін есімде сақталған. Тіпті, әлі күнге дейін жүйіткіген поездың даусы естіле қалса, сол жылдар бірден көз алдыма келеді,- дейді ардагер Тоқтан Исабеков.
Исабековтар отбасын шын мәнінде теміржолшылар әулеті деп айтсақ болады. Өйткені, әке жолын жалғастырып, әрбір ұрпақ өз мамандығы арқылы қоғам мен ел дамуына адал қызмет етуде. Ардагер теміржолшының өмірлік жары Гаухар Құлтайқызы ұзақ жылдар бойы «Шақпақ» станциясында «Теміржолсу-Тараз» ЖШС-ында су жеткізу машинисі болып еңбек еткен. Үшінші қызы Қарлығаш бала күнінен әкесінің жанында жүріп, кейіннен теміржол саласын таңдаған. Алғашында «Шақпақ» станциясында станция кезекшісі болып қызмет атқарған Қарлығаш Тоқтанқызы қазір аудан орталығындағы «Боранды» бекетінің билет сату бөлімінде касса қызметкері. Ұлы Жалғас «Оңтүстік-Шығыс» аймағы поездар қозғалысының аймақтық басқару орталығының поезд диспетчері ретінде әкесінің жолын жалғастырып, жауапкершілігі жоғары мамандықта еңбек етуде.
Бұл отбасының үлкен қызы Ләззат пен кіші қызы Нұргүл мұғалім болса, Венера мейірбике, Бақыткүл аспаз, ал, Жанат тігінші болып қалыптасқан. Осылайша, Тоқтан ағаның ұл-қыздарынан 33 немере және 15 шөбере дүниеге келіп, отбасы дәстүрін жалғастыруда. Қара шаңырақтың түтінін келіні Лейла Сұлтанқызы түзу түтетіп, қос қарияның батасын алуда.
— Жалпы түсінген адамға темір жол – қиындығы көп жұмыс. Пойыздардың қозғалысы уақытпен есептеледі. Одан ауытқымай, межелі жерге көрсетілген мерзімде жету үшін теміржолшылардың тынымсыз еңбек етуіне тура келеді. Кейде тынымсыз еңбек те аздық ететін кездер болады. Сондықтан темірдей тәртіпке бағынып, мінсіз қызметті де қажет етеді. Теміржол саласында еңбек ету – үлкен абырой, зор жауапкершілік. Біз шойын жолдың бойында туған, теміржолмен тыныстаған адамдармыз. Сондықтан менің тілегім – теміржол тіршілігінің тыныштығы мен халқымыздың амандығы, — дейді ардагер теміржолшы Тоқтан Исабекұлы.
Тоқтан аға қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, 60 жылға жуық отандасқан асыл жары екеуі ұрпағының амандығын тілеп, немере-шөберелеріне қамқорлық көрсетуде. Ауыл тіршілігіне белсенді араласып, қоғамдағы мәселелерге өз пікірімен араласып жүрген ол өңірдегі белсенді қарияның бірі.