Талас ауданы әкімінің орынбасары Дәулет Төлендіұлы аудандағы техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы іргелі оқу орындарының бірі – 60 жылдан астам тарихы бар Қаратау құрылыс-техникалық колледжіне арнайы жұмыс сапарымен барып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Сапардың мақсаты – колледждің материалдық-техникалық базасын зерделеу, білімгерлерге жасалған жағдайларды бағалау және жастармен ашық пікір алмасу болды.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімінің орынбасары оқу кабинеттерін, өндірістік шеберханаларды, зертханалар мен тәжірибелік оқу алаңдарын аралап көрді. Колледж басшылығы білім беру үдерісі, білімгерлердің өндірістік тәжірибеден өтуі, жұмысшы мамандықтарын даярлау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар және оқу орнының бүгінгі жетістіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, заманауи құрал-жабдықтардың қолданылуы мен өндіріс орындарымен әріптестік байланыстардың маңыздылығы сөз болды.
Сапар аясында Дәулет Төлендіұлы колледж жатақханасына барып, онда тұратын студенттердің тұрмыс жағдайымен танысты. Жатақханадағы бөлмелердің жай-күйі, санитарлық талаптардың сақталуы, асхана, демалыс және оқу бөлмелерінің жұмысы қаралып, білімгерлерге жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға назар аударылды. Студенттердің қауіпсіздігі, бос уақытын тиімді ұйымдастыруы және қолайлы орта қалыптастыру мәселелері де талқыланды.
Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары студенттермен ашық әрі еркін форматта пікір алмасты. Жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, оқу үдерісі, өндірістік тәжірибе, жұмысқа орналасу, жатақханадағы тұрмыс жағдайы және жастар саясатына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Көтерілген мәселелер бойынша жан-жақты түсіндірмелер беріліп, бірқатар ұсыныстар алдағы уақытта қарастырылатыны жеткізілді.
Өз сөзінде Дәулет Төлендіұлы бүгінгі таңда еңбек нарығында білікті техникалық мамандарға сұраныс жоғары екенін атап өтіп, жастарды уақытты тиімді пайдалануға, сапалы білім алып, кәсіби шеберліктерін үнемі жетілдіруге шақырды. Сондай-ақ біліммен қатар еңбекқорлық, жауапкершілік, тәртіп пен ізденімпаздықтың кез келген жас маманның жетістікке жетуіндегі басты қасиеттер екенін айтты.
Сонымен бірге жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, заң талаптарын сақтау, азаматтық жауапкершілікті сезіну және туған өлкесінің дамуына өз үлестерін қосуы маңызды екеніне тоқталды. Ол мемлекет тарапынан жастарды қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен мүмкіндіктер туралы айтып, осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға үндеді.
Кездесу соңында студенттер аудан басшылығы тарапынан ұйымдастырылып жатқан осындай ашық жүздесулердің маңыздылығын атап өтіп, өз ұсыныстары мен пікірлерін тікелей жеткізуге мүмкіндік жасалғанына ризашылықтарын білдірді. Мазмұнды өткен іс-шара жастар мен жергілікті атқарушы билік арасындағы өзара байланысты нығайтып, ашық диалог пен сындарлы пікір алмасудың тиімді алаңына айналды.