Жамбыл облысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шыққалы бері оны жүзеге асыруға 97 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ал, оған 996 жоба әзірленіп, мемлекет қолдауы көрсетілген. Бұл сандар «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалындағы аталған бағдарлама барысы бойынша өткен партиялық тыңдауда кеңінен талқыланды.
Жиынды жүргізіп отырған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан «Жоғары технологияларды дамыту» бағыты бойынша комиссия мүшелерінен құрылған жұмысшы тобы Жуалы мен Шу аудандарында барып қайтқанын айтты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу жұмыстарына зерделеу жүргізгендігін жеткізді. Жалпы бағдарламаны іске асыру бойынша аймақта бірқатар жоспарлы жұмыстар атқарылған. Дегенмен кемшіліктер де жоқ емес. Бұл туралы партия сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жоғары технологияларды дамыту» бағыты бойынша комиссияның кураторы, облыстық мәслихаттың депутаты Абылай Сансызбай хабарлама жасады.
-Жалпы сомасы 96,8 млрд теңге бөлініп, 996 жоба бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілген. Оның ішінде бағдарламаның «Пайыздық ставканы субсидиялау» тетігі бойынша 82,0 млрд теңгені құрайтын 841 субсидиялау келісім шарттары жасалған. Республикалық рейтингте жыл қорытындысы бойынша облыс 4-ші орынды иеленіпті,-деді.
Екі ауданда бағдарлама бойынша атқарып жатқан жұмыстары мен бірқатар кемшіліктерін тізіп шыққан Абылай Рысбайұлы алдағы уақытта орын алған олқылықтардың орнын толтыруда тынбай еңбек ету керектігін де атап өтті.
Партиялық тыңдауда облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Кенжебеков «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аймақта атқарылып жатқан жұмыстары мен қала, аудан бойынша іске асырылуын тілге тиек етті.
– «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралының жалпы кредиттік портфель 3362,3 млн теңгені құрайтын 284 келісімшарт жасалынды, осы келісімшарт ішінде 262 жоба субсидиялау арқылы қолдау алды, ал жиырма екісі тек қана кепілдік алды. Республикалық рейтингте 3-ші орынды иеленудеміз. Мемлекеттік гранттар беру бойынша 140,3 млн теңгеге 50 кәсіпкерге грант берілді. Өндірістік (индустриялдық) инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағыты бойынша 11,4 млрд теңгені құрайтын 83 жоба мақұлданып, жүзеге асырылуда. Банк несиелеріне кепілдік беру құралы бойынша 2010-2017 жылдар аралығында қолдау алған жобалар санына сәйкес Тараз қаласы, Шу, Талас аудандары алдыңғы қатарларды иеленіп отыр, ал Сарысу, Мойынқұм, Меркі аудандары соңғы орындарға жайғасып отыр, – деді Жандәулет Несіпбекұлы.
Сондай-ақ жиында жарыс сөзге шыққан Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Әбдікерім Үркімбаев пен Шу ауданы әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков бағдарламаны іске асыруда орын алған олқылықтардың орнын толтыруды уәде етті.
Басқосу соңында бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылды.