Алматының коммуналдық қызметтері жарты тәулік бойы жауған қарды түнімен тазалады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қалада жауған қардың биіктігі 6 см болса, тауда және таулы аймақтарда 12 см дейін жетті. «6 ақпан күні кешкі қарбалас уақыттан кейін қар тазалағыш 180 техникадан құралған 20 колонна ұйымдастырылды. Жүк көліктерінің шебімен полицияның патрульдік машиналары бірге жүрді. Ақпанның 6-сынан 7-сіне қараған түні 4280 текше метр қар шығарылды», — деп атап өтті әкімдіктен. 7 ақпан таңғы сағат 9-дағы жағдай бойынша, жолдар мен тротуарларға көктайғаққа қарсы 4635 тонна қоспа себілді. «Қар тазалау жұмыстарына 575 арнайы техника, 2110 жұмысшы жұмылдырылды. Аудандық әкімдіктер мен қала әкімдігінде қарды тазалау жөніндегі жұмыстарды бақылау бойынша тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды», — делінген таратылған баспасөз хабарламасында.
Дереккөз: inform.kz