Ақтөбеде дәстүрлі емес кәсіп түрлері дамып келеді

0 26

Бұл орайда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы біраз көмек болған. Жалпы, былтыр осы бағдарлама аясында 323 жоба қолдау тапқан. Екінші деңгейлі банктердің шағын және орта бизнес саласына бөлген несие қаражаты 58 пайызға артқан.

Жұдырықтай бөденеден қыруар пайда табуға болады. Бал арасының бабын тапсаң, берекелі кәсіпке айналады. Ақтөбеде дәстүрлі емес бизнес түрлерін қолға алған кәсіпкерлер көбейіп келеді. Цехтағы 8 мың бөдене күніне 6 мың жұмыртқа береді. Көлемі шағын, шұбар ала жұмыртқаның адам ағзасына пайдасы мол. Әсіресе өсіп келе жатқан баланың организміне керектің бәрі бар. Ақтөбелік кәсіпкер Армен Абрамян осыдан 5-6 жыл бұрын Ресейден 300 құс әкеліп, кәсібін бастайды. Басында көп қиындықтың болғанын айтады. Бөдененің еті де, жұмыртқасы да жұрт үшін таңсық еді. Қазір құстың саны еселеп өсіп, шағын цех үлкен фермаға айналды. Өнімді көрші облыстарға да шығара бастады. Армен Абрамян, кәсіпкер: — Мемлекет субсидиялауды бастағаннан кейін, кәсіпті одан әрі дамыту керек деп шештім. Нақты қолдау бар. Шынымды айтсам, басында шағын кәсіп ретінде азғантай құс ұстаған едім. Ендігі жоспарым – тағы бір желі сатып алып, шаруашылықты кеңейту. Тек құстарға арналған арнайы ұнтақ жем табу қиын болып тұр. Кәсіпкердің айтуынша, Қазақстанда бөденеге берілетін арнайы жем шығарылмайды. Сондықтан сырттан қымбат бағамен тасымалдауға мәжбүр. Жалпы, бұл құстың жұмыртқасына сұраныс артып келеді. Тұтынушылар өнімнің пайдасын түсінген. Қаладағы супермаркеттер желісі күн сайын алады. Одан қалды кәсіпкердің өзі 7 сауда нүктесін ашып қойған. Мейрамханалар мен дәмханалар тапсырыс береді. Болашақта балабақшалар мен мектеп асханаларын қамтамасыз ету жоспары бар. Жалпы, құстың бабы келіссе, тез көбейеді. Жанна Қуанышбаева, цех меңгерушісі: — 98 пайызға дейін бөдене жұмыртқалайды, ол мына жерге түседі. Бұрын қолмен істейтін едік, қазір бәрі автоматты түрде. Жемін де автоматты түрде саламыз, жұмыртқаны да автоматты түрде жинаймыз. Сөнбейді, мезгілімен өзі ағып тұрады. 2015 жылдан бастап өңірде дәстүрлі емес шаруашылықты дамытуға ден қойылды. 21 шаруа қожалығы асылтұқымды ешкі басын көбейтіп отыр. 15 омарташы бал өнімін дайындайды. Қаз-үйрек пен күркетеуық өсіретін 80 шаруашылық бар. 14 кәсіпкер бөдене, 37 кәсіпкер қоян өсіреді. Мұндай ұсақ шаруашылықтар «Бизнестің жол қартасы-2020» бағдарламасы арқылы көмек ала алады. Өткен жылы 1,5 млрд теңгеге 323 жоба мақұлданған. Анар Дәржанова, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы: — Дәстүрлі емес бағыттағы шаруашылықтардың шаруасы жүріп жатыр. Соның ішінде құлпынай өсіру, бал өңдеу және ауыл шаруашылығында, басқа да құс түрлерін өсіру. Бұл бағытта облыс бойынша аудандарда қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Мемлекет беріп жатқан көмектің, қаржының қолжетімді болуына ықпал етудеміз. Сонымен бірге жергілікті бюджет қаржысына 8 бизнес нысанына инженерлік инфрақұрылым жүргізілген. Олардың алтауы аудандарда орналасқан. Жалпы, өткен жылы кәсіпкерлік саласын несиелендіруге 34 млрд теңге бөлінген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 58 пайызға артық.

Дереккөз: 24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.