Бүгін Тараз қаласының тұрғыны Серік Дәулетбаев есімді азамат Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесіне арнайы келіп, өрт сөндірушілерге шынайы алғысын білдірді. Ол өз сөзінде өрт сөндіру саласының басшылығына «Сіздер басқарып отырған өрт сөндіру саласының
қызметкерлерінің жоғары кәсіби дайындығының арқасында мен және менің отбасым үлкен қауіптен аман қалды. Яғни, өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп, үйді қолқаны қабар қалың түтіннен тазарту жұмыстарын жүргізіп, баспанамызды өртену жағдайынан аман алып қалды. Сол себепті мен және менің отбасымның атынан сіздерге және өрт сөндіруші қызметкерлерге алғысымды білдіремін. Сондай-ақ төменде көрсетілген Тараз қалалық №15 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы азаматтық қорғау капитаны Бауыржан Алтауов, азаматтық қорғау сержанты Нұрғазы Бердихановты, азаматтық қорғау сержанты Серік Асановты, азаматтық қорғау кіші сержанты Әсет Лаубаевты тиісті деңгейде марапаттауға ұсынуыңызды сұраймын» деп атап өтті.
Оның айтуынша 2018 жылдың 21 қаңтарында Тараз қаласы, Восходная иіні, Садовая көшесіндегі өздері тұрып жатқан №10 тұрғын үйдегі жылыту пешінен ақау шығып, салдарынан үйді лезде қалың түтін тұмшалай бастаған. Қапелімде өз күштерімен су шашып сөндіріп алмақ ниетте қанша тырысқандарымен қалың түтін пеш құбырының қай тұсынан шығып жатқанын анықтай алмай дал болады. Ал үй құрылысының басым бөлігі шпал ағашынан тұрғызылғандықтан өртке орану қаупі сәт санап ұлғая түскен еді. Үйдегі 3 баланың үрпиген түрлерін көрген олар әрі қыс ауасында баспаналары өртке оранса далада қалу қаупі туындайтындығын сезінген ерлі-зайыптылар дәл осы сәтте, яғни 16 сағат 12 минутта шұғыл түрде 101 телефон нөмірін теріп, өрт сөндіруші-құтқарушылардың көмегіне жүгінеді. Оқиға орнына Тараз қалалық №15 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері жедел жетіп, жағдайды анықтаған соң бірден пеш қуырларын аршып, түтін шығару жұмыстарына кірісіп, аз ғана уақыт ішінде қауіптің бетін қайтарған.
Иә, біз де өз тарапымыздан облыс және қала тұрғындарына айтарымыз жылыту пешін қолданардың алдында қуыр жолдарын мұқият тазалап, қалыпқа келтіріп алуларыңыз қажет екендігін, сондай-ақ газ, электр құралдарын пайдалану барысында өрт қауіпсіздігі және техника қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтап, балалардың отпен ойнауына жол бермеңіздер дегіміз келеді. Апат айтып келмейтіндігі анық. Сақтықта қорлық жоқ!